Аудан ардагерлері аудандық полиция бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Жақында аудандық полиция бөлімі ғимаратында ардагерлердің қатысуымен халықпен кездесу ұйымдастырылып, онда тәртіп жөнінде, құқық бұзушылық бағытында түсінік жұмыстары жүргізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бүгінгі ұйымдастырылған форумның да маңызы зор. Өнер адамы болғасын Наурыз мерекесіне түрлі көріністер шығарамыз. Оған ауылдағы үш мектептің жоғары сынып оқушылары қатыстырылады. Өткен бір жылдарда мерекеге дайындық барысында олардың бір-біріне күш көрсететінін, әлімжеттік қылатынын байқайтынмын. Қазір олай емес, бір-бірімен тату, ұйымшыл. Жақсы араласады. Бұл – мұғалімдердің, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторларының жүргізген түсінік жұмыстарының, бүгінгідей маңызды шаралардың жиі өтуінің нәтижесі деп білемін. Жалпы бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Ал ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға десек, бала – ертеңгі азамат, ел қорғаны, мемлекет негізі екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан ата-аналар бала тәрбиесіне үнемі көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмауы керек. Қалай болғанда да халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасын, салт-дәстүрін пайдалана отырып дені сау, тәрбиелі ұрпақ өсіру – әр ата-ананың міндеті.
Сағидолла ЯҚЫП,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы


