Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Өнер тілімен өрілген Каспий келбеті

Атырауда өтіп жатқан халықаралық «Қазыналы Каспий» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Арт Бейнелеу» көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Жайық өзенінің жағалауында ашық аспан астында өткен көрме өңірдің табиғаты мен мәдени мұрасын өнер арқылы насихаттауға бағытталды.

Көрмеге жергілікті қылқалам шеберлерінің Каспий маңының табиғаты, балық шаруашылығы және өлкенің тарихи-мәдени ерекшеліктеріне арналған туындылары қойылды. Суретшілер өз еңбектерінде Каспий теңізінің бірегей экожүйесін, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, сондай-ақ өңір тұрғындарының дәстүрлі тіршілігін бейнелеуге басымдық берген.

Экспозициядағы шығармалардың арасында Каспий итбалығы, лотос гүлдері, бекіре тұқымдас балықтар мен өзен-көл жағасындағы тіршілікті суреттейтін туындылар көпшіліктің назарын аударды. Әрбір картина туған өлкенің табиғи байлығы мен рухани құндылықтарын көрерменге тереңірек таныстыруға бағытталған.

a9d8c5db 59c7 4642 9be2 ec92e983016e

Көрмеге қатысқан суретші әрі дизайнер Мирас Мабайұлының айтуынша, Жайық пен Каспий тақырыбы шығармашылық тұрғыдан аса бай әрі мағыналы бағыттардың бірі.

– Жайық пен Каспий – біздің өңірдің басты құндылықтарының бірі. Бұл тақырыпқа көптеген туынды арнауға болады. Өнер арқылы жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғи байлықтарымыздың қадірін ұғындыруды мақсат етеміз. Әсіресе бекіре тұқымдас балықтар секілді өңіріміздің символына айналған байлықтарды ұмыт қалдырмау маңызды, – дейді суретші.

Көрменің ең әсерлі жұмыстарының бірі – қызыл балықтың дәмін татып тұрған қыз баланың бейнесі салынған картина болды. Автор бұл туынды арқылы жас ұрпақтың ата кәсіппен, балықшылық дәстүрімен және Каспий өңірінің мәдени мұрасымен байланысын көрсетуді көздеген.

Суретшінің пікірінше, әлемнің әр еліндегі шығармашылық иелері өз туындылары арқылы туған өлкесінің ерекшелігін танытады. Сол сияқты атыраулық қылқалам шеберлері де өнер арқылы өңірдің өзіндік болмысын, табиғи байлығын және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін көрерменге жеткізуді мақсат етеді.

b3552c91 4a03 4b72 a000 b8dcafd489d0

Өнер тілімен өрілген бұл көрме фестиваль қонақтарына Каспийдің бай табиғаты мен Атырау өңірінің қайталанбас келбетін жаңа қырынан танытты.

Тоғжан ЕРМЕК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT