«Таза Қазақстан» бастамасы елді мекендердің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыра түсті. Махамбет ауданында да тазалық пен абаттандыру жұмыстарына жұртшылық белсенді атсалысып келеді. Әсіресе жастардың «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы қоғамдық жұмыстарға араласуы көңіл қуантады. Жастардың көшелерді тазалап, аумақтарды абаттандыруға және көгалдандыруға үлес қосуы кейінгі буынға жақсы өнеге. Туған жердің тазалығы тек тиісті мекемелердің жұмысы емес, әр тұрғынның азаматтық ұстанымынан басталады. Қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, ауланы таза ұстау секілді қарапайым әрекеттердің өзі ортақ ортаға үлкен әсер етеді. «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар адамдарды бір мақсатқа жұмылдырып, туған жерге деген жанашырлықты күшейтеді. Ал «Жасыл ел» жастарға еңбек етіп қана қоймай, табиғатты қорғаудың маңызын түсінуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі жасалған тазалық пен егілген әр көшет ертеңгі ұрпаққа қалатын игіліктің бастауы. Туған жердің көркеюі әрқайсымыздың өз үйіміз бен өз ауламыздан басталатынын ұмытпауымыз керек.
Жәмилә ҚҰРМАШЕВА
Махамбет ауданы



