Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Лотос мекеніндегі тазалық: табиғатқа жанашырлықтан басталған игі іс

 Табиғаттың тылсым тынысын бұзбай, оның әрбір өсімдігі мен жаратылысына жанашырлықпен қарау – қоршаған ортаға деген мәдениеттің көрінісі. Әсіресе, табиғи байлығы айрықша өңірде экологиялық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы зор.

Осыны мақсат еткен жастар қаладағы лотос алқабының маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған «LOTUS CLEAN DAY» экологиялық акциясы жастардың табиғатты қорғауға деген белсенді көзқарасын қалыптастыруға бағытталды. Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараға белсенді жастар мен еріктілер қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты. 

 Біздің мақсатымыз - жастарды айналамызды күтіп ұстауға, туған жердің табиғатын аялауға шақыру. Жыл басынан бері орталығымыз “Таза Қазақстан” аясында 30-дан астам шара өткізді,-дейді “Жастар ресурстық орталығының” маманы Мөлдір Закирова.

Атап айту керек, акция барысында қатысушылар табиғи аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинады. Экологиялық шараның мазмұнын айшықтай түскен тағы бір маңызды бағыт – қатысушыларға лотос гүлі туралы танымдық ақпараттың ұсынылуы. Арнайы гид-таныстырылым барысында табиғи інжу саналатын лотостың биологиялық ерекшелігі, тарихы, табиғи ортадағы орны және өңірдің туристік әлеуетіндегі маңызы кеңінен таныстырылды.

«Лотос феномені: биологиясы, тарихы және туристік әлеуеті» тақырыбындағы таныстырылымда сирек кездесетін табиғи нысандарды сақтаудың өзектілігіне назар аударылды. Қатысушылар лотостың табиғи экожүйедегі орны мен оны қорғаудың маңызын танып, туған өлкенің табиғи байлығына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Жастар қоршаған ортаны тазалауға атсалысып қана қоймай, табиғи мұраны сақтаудың келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін сезінді.

 - Табиғат– бүгінгі ұрпаққа ғана тиесілі қазына емес. Оны таза күйінде келер ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет. Бұл жолы колледжіміздің жиырмаға тарта студентімен бірге қаладағы лотос алқабын тамашалап әрі оның айналасын қоқыс-қалдықтардан тазалауға келдік,-дейді Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжі директорының орынбасары Фариза Кенжебаева.

Айбөпе САБЫРОВА

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT