Жыл басынан бері Көлік полициясы департаментінің көші-қон қызметі елдегі теміржол және әуе көлігі нысандарында көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 2 730 фактісі анықталды. 2 261 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 595 шетел азаматы сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.
Сондай-ақ қос азаматтыққа қатысты 190 факт тіркеліп, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, шетел азаматтарын қабылдау және олардың елде болуына қатысты халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған 469 Қазақстан азаматы анықталды.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз еңбек қызметіне тартқаны үшін 37 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Көлік полициясы департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, көлік полицейлері азаматтармен күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
«Жұмыс берушілерге, қабылдаушы тараптарға және тұрғындарға көші-қон заңнамасының талаптары мен қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі түсіндіріледі. Бұл Көліктегі полиция департаментінің жедел қызмет көрсету аумағында тәртіпті сақтауға және көші-қон процестерін бақылауға мүмкіндік береді», деді Құрмет Мәжікенов.
Полиция барлық жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуге шақырды.
Айта кетейік, маусым айында көші-қон заңнамасын бұзған 1 000-нан астам адам елден шығарылды.



