Астанадағы EXPO конгресс-орталығында «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» ұранымен еліміздің әр өңірінен келген көшбасшы әйелдердің кездесуі өтті.
Форумға білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ғылым және азаматтық сектор салаларында еңбек етіп жүрген мыңға жуық әйел қатысты. Кездесу барысында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, әйелдердің қоғамдағы белсенділігі мен мемлекет дамуына қосып жатқан үлесінің маңызын атап өтті. Жиында 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның маңызы талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды күшейтіп, отбасы құндылықтарын нығайтуға, білім мен ғылымды дамытуға және әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында көшбасшы әйелдер жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын қолдай отырып, елдің тұрақты дамуы мен болашағы үшін маңызды бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.


