
Құрылтай депутаттарының сайлауы елдегі саяси реформалардың маңызды кезеңдерінің бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, оның басты мақсаты — депутаттық құрамды жаңартып, түрлі салада тәжірибесі бар азаматтардың заң шығару жұмысына қатысуына мүмкіндік беру.
Бұл туралы Халықаралық білім беру корпорациясының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы, Ұлттық академияның Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Еңлік Ормаханова айтты.
Оның сөзінше, Құрылтай сайлауы азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге жаңа серпін бере алады.
«Құрылтай сайлауы – жаңа саяси кезеңнің бастауы. Әртүрлі салада тәжірибесі бар азаматтардың заң шығару қызметіне қатысуына мүмкіндік жасау маңызды. Сондықтан әр азамат сайлауға қатысып, өз дауысын беруі керек деп ойлаймын», – деді Еңлік Ормаханова.
Сарапшы жаңа Конституция аясындағы өзгерістердің де маңызына тоқталып, Құрылтай халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететін маңызды институтқа айналуы мүмкін екенін атап өтті.
«Халық билікке, билік өз еліне сенім артқан мемлекеттің болашағы жарқын болатыны сөзсіз», – деді ол.



