Қытайдың Үрімші қаласында өткен «Жібек жолы – өнер мекені» халықаралық шығармашылық байқауында атыраулық Top Dance KZ би студиясының бишілері Бас жүлдені жеңіп алып, елге жеңіспен оралды.
Халықаралық өнер додасына Қазақстанмен қатар Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Қытай және өзге де елдердің би ұжымдары қатысты. Тартысты бәсекеде атыраулық бишілер өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, 10 балдың 9,9-ын жинап, ең жоғары ұпайға ие болды.
– Халықаралық сахнада Қазақстанның намысын қорғадық. Байқауға әр елдің мықты би топтары қатысты. Соған қарамастан, өнеріміз жоғары бағаланып, ең жоғары ұпайға ие болдық. Бұл – біз үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен жетістік, – дейді Top Dance KZ би студиясының хореографы Мәдина Нұрқабаева.
Байқауда студияның ересектер тобы ұлттық нақыш пен заманауи хореографияны ұштастырған «Дәреже» би қойылымын орындаса, кіші топ көрермен назарына «Африка» биін ұсынған. Хореографтың айтуынша, халықаралық байқауға дайындық бірнеше айға созылған. Осы уақыт ішінде бишілер әрбір қимылды, сахналық образды және орындау мәнерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлген. Айта кетейік, Top Dance KZ би студиясы сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Мәдина Нұрқабаева ұжым құрылған күннен бастап оның құрамында өнер көрсеткен. Бүгінде ол жетекші хореограф ретінде жас бишілерге тәлім беруде.
Ботагөз ИСАТАЙ



