Конституция – тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, ел бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция еліміздің құқықтық дамуындағы маңызды кезеңді айқындады.
Жаңа Ата Заңның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілуі, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл өзгерістердің барлығы қоғамдағы әділдік қағидаттарын орнықтырып, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Менің ойымша, Конституцияның маңыздылығы оның баптарымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – онда белгіленген нормалардың өмірде жүзеге асуы. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндетіне де жауапкершілікпен қарауы керек. Заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және өзгенің құқығын бұзбау – өркениетті қоғамның негізгі талаптары.
Жаңа Конституцияда білім мен ғылымды дамытуға, адам капиталын нығайтуға, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтауға ерекше мән берілуі де көңіл қуантады. Себебі елдің болашағы білімді, бәсекеге қабілетті, отаншыл әрі жауапты ұрпақтың қолында. Жастардың сапалы білім алып, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау – мемлекет дамуының маңызды бағыты.
Сонымен қатар, заң мен тәртіп қағидаттарын берік ұстану әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенім тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әр адамның іс-әрекетіне де байланысты. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру отбасынан, білім беру ұйымдарынан және қоғамдық ортадан басталуы қажет.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – еліміздің алдағы дамуына бағыт беретін маңызды құжат. Оның қағидаттарын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және ел игілігі жолында еңбек ету – баршамызға ортақ міндет. Әділетті қоғам құру жолында әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
Гулмира Мақсот




