Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Құлсарыда «Тандау» жобасы аясында 28 кәсіпкер қолдау тапты

Құлсары қаласында «Тандау» жобасының 2026 жылғы бесінші легі аяқталды. Жоба аясында Жылыой ауданының 28 тұрғыны өз бизнесін бастау үшін қаржыландыру алды. Бұл бастама Еуразия Орталық Азия қоры (ФЕЦА) тарапынан «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен іске асырылып, өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.

Жалпы бұл кезеңге 136 өтінім түсті. Соның ішінде 60 қатысушы жартылай финалға өтіп, стратегиялық және қаржылық жоспарлау, маркетинг және көпшілік алдында сөйлеу бағыттары бойынша оқудан өтті. Жобаларды қорғау кезеңінен кейін, ТШО, ФЕЦА өкілдері және бизнес-сарапшылардан құралған комиссия 28 жеңімпазды анықтады.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жобаның сұранысқа ие екенін атап өтті:

«Тандау» жобасы Жылыой ауданы тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер береді, себебі жобаның негізгі нәтижелерінің бірі — халықтың осал топтарын, соның ішінде көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау және оларды қамту. Қатысушыларға бизнесте табыс тілейміз және жобаның жалғасуына үміттенеміз», - деді Гүлнафис Айшуақова.

Жеңімпаздардың қатарында 16 көпбалалы отбасы, 35 жасқа дейінгі 12 жас кәсіпкер, 2 жұмыссыз азамат және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған 3 әйел бар. Олардың жобалары ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, сауда және басқа да салаларды қамтиды.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаровтың айтуынша, бағдарлама іске қосылған сәттен бастап тұрақты нәтиже көрсетіп келеді:

«Теңізшевройл» әлеуметтік жауапты компания ретінде өз қызметкерлері мен олардың отбасылары тұратын Жылыой ауданының әлеуметтік дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. «Тандау» жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауға бірегей мүмкіндік береді», - деді ол.

Жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және 5 жыл мерзімге пайызсыз несие беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Қайтарылған қаражат қайтадан жаңа бизнес бастамаларды қолдауға бағытталып, өңірде шағын және орта бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT