Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Құлсарыда «Qadam» жобасының жаңа легі басталды: 75 әйел бизнес негіздерін үйренеді

Құлсары қаласында көпбалалы және ерекше балалары бар аналарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жоба «Qadam»-ның кіріспе семинары өтті. Бастама «Теңізшевройл» компаниясы мен Жылыой аудандық әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жобаның негізгі мақсаты – қатысушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, тұлғалық әлеуетін дамыту, психологиялық қолдау көрсету және жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру. Бұл болашақта әйелдердің еңбек нарығына шығуына немесе жеке кәсіп ашуына жол ашады.

Кіріспе семинарға 250 адам қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша білім беру бағдарламасына 75 әйел қабылданды. Олар 11 ай бойы түрлі бағыттар бойынша кешенді оқытудан өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аналардың қоғамдағы рөлін нығайтуға, өз-өзіне деген сенімді арттыруға және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

 

«Менің жасым 35-те. 17 жыл бойы үйде болып, отбасыммен айналыстым. Енді өзімді дамытқым келеді, кәсіппен айналысқым келеді. Мен тоғыз баланың анасымын. Аспаз бағытын таңдадым – шын мәнінде нан пісіріп, сатқым келеді. Өткен жылы өтініш беріп едім, бірақ жауап алмадым. Биыл шақырту келіп, қуана қатысып отырмын» дейді жоба қатысушыларының бірі Ақтоты Өмірова.

Бағдарлама аясында қатысушылар психологиялық қолдау алып, кәсіпкерлік бойынша тренингтерден өтеді. Оқу барысында бизнесті жүргізу негіздері, қаржылық сауаттылық, жоспарлау және табыс қалыптастыру дағдылары қамтылады. Сондай-ақ жеке іс ашуға қажет практикалық машықтарға ерекше көңіл бөлінеді.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын атап өтті:

«Бұл жоба ауданның әл-ауқатын арттыруға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз үлесін қосады деп сенеміз. Оқудан өткен әрбір әйел өз ісін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дейін бара алады» деді ол.

«Зейін-Атырау» қоғамдық қорының жетекшісі Алмагүл Шудабаева оқу бағыттары туралы айтты:

«Біз әйелдерді бес кәсіби бағыт бойынша оқытамыз: шаштараз ісі, визаж, аспаздық және тігін ісінің екі бағыты. Сонымен қатар SMM, компьютерлік және қаржылық сауаттылық курстары жүргізіледі. Биылғы жылы өткен лек түлектеріне де қолдау қарастырылған – соның ішінде салық заңнамасындағы өзгерістер бойынша кеңестер беріледі» деді "Зейін-Атырау» қоғамдық қорының жетекшісі Алмагүл Шудабаева.

«Qadam» жобасы Жылыой ауданында ТШО-ның қаржылық қолдауымен төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 125 әйел оқудан өтіп, олардың көпшілігі өз ісін бастап, таңдаған бағыттарында табысты дамып келеді. Бұл бастама өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге маңызды серпін беріп отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT