Қазіргі қоғамда әрбір азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – маңызды қажеттілік. Әсіресе отбасы саласындағы құқықтық мәселелер көптеген адам үшін күрделі әрі сезімтал болып келеді. Осыған байланысты отбасын қолдау орталықтары азаматтарға тек психологиялық емес, сонымен қатар құқықтық көмек те көрсетеді. Ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – неке және ажырасу процесі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, неке ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен немесе сот тәртібі арқылы бұзылады. Егер отбасында кәмелетке толмаған балалар болса немесе мүліктік дау туындаса, іс міндетті түрде сот арқылы қаралады. Мұндай жағдайда азаматтарға заңгердің кеңесі аса маңызды. Сондай-ақ, алимент өндіру мәселесі де жиі көтеріледі. Баланы асырау – ата-ананың міндеті. Егер ата-ананың бірі бұл міндеттен жалтарса, екінші тарап сот арқылы алимент өндіріп алуға құқылы. Алимент мөлшері табыстың белгілі бір үлесі ретінде немесе нақты ақшалай сомада белгіленуі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Өкінішке қарай, бұл проблема қоғамда әлі де кездеседі. Заң бойынша әрбір азамат зорлық-зомбылықтан қорғалуға құқылы. Мұндай жағдайда жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгініп, қорғаныс нұсқамасын талап ете алады. Сонымен бірге дағдарыс орталықтары уақытша баспана мен қажетті көмек ұсынады. Отбасылық дауларды шешуде медиацияның да рөлі зор.
Медиация – бұл тараптардың өзара келісімге келуіне бағытталған рәсім. Ол сотқа жүгінбей-ақ мәселені бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді және уақыт пен қаржыны үнемдейді. Қорытындылай келе, кез келген құқықтық мәселені дер кезінде шешу – оның ушығуына жол бермейді. Егер отбасылық немесе өзге де құқықтық қиындықтарға тап болған жағдайда, отбасын қолдау орталығының заңгерлеріне жүгінген жөн. Ал біз сол жолда көмектесуге дайынбыз.
Айгерім ТЕМІРҒАЛИЕВА,
аудандық отбасын қолдау орталығының заңгері


