Атырау қаласында жастарды кітап әлеміне жаңаша форматта тартуды көздеген ерекше бастама авто-квесттен басталып, түнгі мәдени-танымдық кешке ұласты. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Кітапхана түні» қала жастарын бір ортаға тоғыстырды.
Биыл 23 сәуір – Ұлттық кітап күні және кітапханашылар күні ретінде бекітіліп, республика көлемінде 16-23 сәуір аралығында арнайы апталық ұйымдастырылуда. Соның аясында өткен «Кітапхана түні» апталықтың маңызды іс-шараларының бірі болды.

Кештің ашылуында кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова сөз сөйлеп, кітаптың рухани құндылық ретіндегі, кітапханашылардың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды.
«Кітапханашылардың басты мақсаты – ақын-жазушыларды, әсіресе өлкемізден шыққан қаламгерлерді, тарихи тұлғалар мен қайраткерлерді терең насихаттау. Болашақ ұрпаққа тарихымызды таныстырып, өз елін сүюге, тәуелсіздігіміздің қандай еңбекпен келгенін қадірлеп ұстау керектігін көрсету. Білімді ұрпақ – әрқашан еліміздің мақтанышы», – деді ол.

Сонымен қатар, салалық кәсіподақтың облыстық филиалының төрайымы Гүлнар Шайхашева кітапхана қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, мамандарға «Еңбек даңқы» төсбелгісін, «Құрмет грамоталарын» және Алғыс хаттарды табыстады.

Кітапхана түні бағдарламасы да мазмұнға бай болды. Қонақтар түрлі көрме-жәрмеңкелерді тамашалап, жастардың шығармашылық кешіне қатысты. Ән мен жыр өрілген рухани кештен кейін тартысты QUIZ интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылып, кеш интерактивті форматта жалғасты.
Осылайша, «Кітапхана түні» кітапхана қабырғасында өтіп, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мазмұнды шара ретінде есте қалды.
Ботагөз ИСАТАЙ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


