Ұлттық кітап күні қарсаңында руханият пен білімнің ордасы – Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада мазмұны терең, рухани салмағы жоғары «Кітап – достық амбассадоры» атты әдеби кездесу ұйымдастырылды.

Кітап – тек білім көзі ғана емес, ол ойды байытып, жүректі тәрбиелейтін, адам мен қоғам арасындағы рухани байланысты нығайтатын әмбебап құндылық. Осы идеяны арқау еткен басқосу оқырман мен қаламгер арасындағы шығармашылық байланысты жаңа деңгейге көтерді.
Кездесу барысында қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыты, кітап нарығындағы өзгерістер, оқырман мәдениеті және әдебиеттің қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды.

Іс-шараға қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері қатысты. Олардың қатарында ақын, қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, «Ана тілі» ұлттық басылымының Бас редакторы Ерлан Жүніс, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, прозашы Қанат Әбілқайыр, жазушы-драматург Әлішер Рахат сынды қаламгерлер бар. Олар өз шығармашылық жолдары, әдебиеттегі ізденістері және қазіргі рухани кеңістіктің бағыт-бағдары жөнінде ой бөлісті.
Кешке қала тұрғындары, студенттер, кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері қатысып, әдеби ортадағы еркін әрі мазмұнды пікір алмасудың куәсі болды.

Жиын барысында сөз алған Атырау облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов өңірдің рухани-мәдени маңызына тоқталды.
–Атырау – қазақ руханияты мен әдебиетінің тамыры тереңге жайылған киелі мекен. Бұл өңір Ноғайлы дәуірінен бастау алатын бай тарихи-мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Осындай қасиетті топырақта талай тұлғалар өсіп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты.
Қазіргі қоғамда руханияттың орны ерекше. Адамды адам ететін – оның білімі мен парасаты. Ал сол білімнің негізгі қайнар көзі – кітап. Кітап – тек ақпарат емес, ол – тәрбие мен танымның өзегі.
Бүгінгі басқосу – ой еркін айтылатын, жаңа идеялар тоғысатын, руханиятты бірге дамытатын орта. Сондықтан әрқайсыңызды белсенділік танытып, өз ойларыңызды еркін жеткізуге шақырамыз.
Сіздердің келіп, ортақ рухани кеңістікке үлес қосуларыңыз – біз үшін үлкен қолдау. Шақыруымызды қабыл алғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз», – деді Ә.Жоламанов.

Кездесу барысында қатысушылар жазушыларға әдебиет, шығармашылық үдеріс, қазіргі оқырман талғамы және кітаптың болашағы туралы сұрақтар қойып, еркін форматтағы ашық пікір алмасу өрбіді.


Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



