Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Үкімет жалақыны көтеріп, халықтың несие жүктемесін азайтпақ

Қазақстанда халықтың табысын арттыру, жалақыны өсіру және азаматтардың борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың жаңа даму моделіне көшу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

– Халықтың нақты табысын арттыру – Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп 2026–2028 жылдарға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар биыл халықтың табысын арттыруға арналған жеке бағдарлама қабылданды, – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, алдағы кезеңде жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың несие жүктемесін азайтуға басымдық беріледі.

Сондай-ақ қарсы міндеттемелерді орындау негізінде ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын және жалдамалы жұмыскерлердің табысын кезең-кезеңімен өсіру мәселесі қаралады.

Үкімет халықтың кредиттік жүктемесін азайтуға және тұтынушылық несиелердің шамадан тыс өсуін тежеуге де ерекше назар аударып отыр.

Серік Жұманғариннің сөзінше, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде халықтың нақты табысының өсімін 2–3 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз ету жоспарланған.

Бұған қоса, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мен инфляцияны төмендетуге бағытталған бастамалар да тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT