
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алдағы төрт жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарының ауқымды бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында сейсмикалық барлау жұмыстары кеңінен (2D – 6 250 км, 3D – 2 540 шаршы км) жүргізіліп, 26 іздестіру-барлау ұңғымасы бұрғыланатын (жалпы үңгу тереңдігі – 89 мың м) болады.
Бүгінде компанияның 23 геологиялық барлау жобасы бар, олардың жалпы геологиялық қоры – 4,7 млрд тонна шартты отын.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компания ретінде геологиялық барлау саясатын тереңде жатқан әрі аз зерттелген кен орындарына бағыттайды. 2025 жылы далалық сейсмикалық барлау жұмыстары (1 834 км 2D – Шу–Сарысу және 1 505 шаршы км 3D – Береке) және бұрынғы сейсмикалық деректерді қайта өңдеу (2 600 км 2D – Шығыс) жүргізілді.
Еліміздің негізгі ресурстық әлеуеті Каспий маңы шөгінді бассейнінің терең тұзасты қабаттарында шоғырланған. Аталған қабаттар тек кеңес дәуірінде сол кезеңдегі технологиялардың мүмкіндіктері шеңберінде кешенді түрде зерттелген.
Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» 60 мың шақырымға дейінгі көлемде сейсмикалық барлаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл кейінгі онжылдықтарда еліміздің ең перспективалы мұнай-газ аумағын алғаш рет заманауи әдіспен кешенді зерттеуге мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаз» бірқатар геологиялық барлау жобаны өз күшімен, сондай-ақ беделді халықаралық мұнай-газ компанияларымен серіктесе отырып, іске асырып келеді. Атап айтқанда, «Қаратон Подсолевой» жобасы аясында тереңдігі 5 750 метрлік ұңғыма бұрғыланып, сынақ нәтижесінде газ ағыны алынды. Тереңдігі 6 мың метрге дейін екінші іздеу ұңғымасының жобалық нүктесі келісіліп, бұрғылауға дайындық жұмысы басталды.
Сонымен қатар ұлттық компания Маңғыстау облысында «Болашақ» жобасын іске асырып жатыр. Бұл жоба бойынша биылғы үшінші тоқсанның соңына дейін тереңдігі 3 500 метр болатын алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстарын бастау жоспарланған.
«Жылыой» және «Березовский» жобалары бойынша бүгінде ірі қытайлық серіктестер – «CNOOC» және «Sinopec» компанияларымен тиісінше келісімшарттар жасалды. Сейсмикалық барлау жұмыстары биыл күзде басталады.
«BP» компаниясымен «Үстірт-1/2» жобасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою тағы бір маңызды оқиға болды. Осылайша, әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі отандық мұнай-газ саласына қайта оралды. «BP»-мен бірлескен жұмыс озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені тартуға, Каспий маңы өңірінің келешегі зор учаскелерін игеруді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Қызылорда облысындағы ресурстық базаның сарқылуы мен өндіру деңгейінің төмендеуі ескеріліп, 2025 жылы «Шу–Сарысу» учаскесінде далалық сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді.
Деректерді өңдеу және талдау қорытындылары бойынша перспективалы газ құрылымдары анықталды. Жоба аясында келісімшарт жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, 3 500 метр тереңдікке дейін ұңғыма бұрғыланады.



