Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Қазақстандық оқушылардың жер серігі алғаш рет SpaceX зымыранымен ғарышқа ұшты

Бүгін – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа алғаш ұшқан тарихи күн. 1991 жылғы 2 қазанда қазақ баласы ғарышқа жол ашса, араға 35 жыл салып, қазақстандық оқушылардың өз қолымен жасаған ғарыш аппараты орбитаға шықты.

2026 жылғы 1 қазанда Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған NIS PocketQube пикоспутнигі Илон Маск құрған SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен ғарышқа жол тартты. Зымыран Калифорниядағы АҚШ Ғарыш күштерінің Ванденберг базасынан ұшырылды.

1001914660

NIS PocketQube-тың орбитаға шығуы бірнеше жылға жалғасқан білім беру және инженерлік жұмыстың нәтижесі. Жобаға Қазақстан мен шетелден оқушылар, педагогтер және ғарыш саласының мамандары атсалысты.

Бұл бастама оқушыларға ғарыш миссиясына тікелей араласуға мүмкіндік береді. Олар шағын спутникті ұшыруға дайындау жұмыстарымен танысып, ұшырылым барысын бақылайды және кейін орбитадан келетін телеметриялық мәліметтерді қабылдайды.

1001914663 1

Айта кетейік, жоба 2019 жылы оқушыларға ғарыш технологияларын тек теориялық тұрғыда меңгеріп қана қоймай, нақты ғарыш құрылғысымен жұмыс істеуге жағдай жасау идеясынан бастау алды. 2020 жылы бастама жаңа кезеңге өтіп, мектепте NIS Space ғарыш зертханасы ашылды. Сол жылы 7–10 сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» мамандандырылған курсы енгізілді.

NIS PocketQube – PocketQube форматындағы аса шағын спутник. Оның көлемі небәрі 5×5×5 сантиметр, ал салмағы 250 грамм. Шағын көлеміне қарамастан, спутник басқару, электрмен жабдықтау және радиобайланыс жүйелерімен, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған.

NIS PocketQube спутнигін жасау жолында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы еңбектенді. Олардың бірқатары бүгінде NIS түлектері.

1001914706

Шәкірттер спутниктің 3D моделін жасап, құрылғылардың ішкі орналасуын есептеді, электронды платалар мен SMD-компоненттерді жинақтады. Бұдан бөлек, микроконтроллерлерді бағдарламалап, Python арқылы деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірледі және аппаратты жердегі сынақтарға дайындау жұмыстарына қатысты.

Бірнеше жыл ішінде команда шағын ғарыш аппаратын жасаудың барлық дерлік кезеңінен өтті: алғашқы сызбалар мен прототиптерді әзірлеуден бастап, сынақ жүргізіп, ұшырылатын үлгіні ғарышқа дайындауға дейінгі жұмыстарды атқарды. 2022 жылғы желтоқсанда NIS PocketQube Ұлттық ғарыш орталығының базасында жерүсті термовакуумдық және механикалық сынақтардан өтті.

Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі халықаралық ынтымақтастық болды. Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшілігінің қолдауымен грек компаниясымен бірлесіп, спутниктің ұшу үлгісін соңғы кезеңге дайындау, қажетті тексерулерден өткізу және оны UARX компаниясының ұшыру контейнеріне орнату жұмыстары жүргізілді.

Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және «Ғалам» ЖШС мамандары да атсалысты. Бірлескен жобаға Оралбек Бидайбеков пен Манар Досова жетекшілік етті. Білім беру бағдарламасын әзірлеуге және жобаның инженерлік бағытына Арман Сыздықов, Қанат Саханов және Қазбек Бақтыбеков қатысты.

Спутниктен алынатын мәліметтерді оқушылардың физика, астрономия, бағдарламалау және инженерлік бағыттардағы зерттеу жобаларында пайдалану жоспарланып отыр. Ақпаратты қабылдап, өңдеу үшін жерүсті кешені орнатылады. Оның көмегімен спутниктік деректер Қазақстанның барлық мектеп оқушыларына қолжетімді болады.

Осылайша, NIS Space ғарыш зертханасы оқушылардың ғарыш инженериясы мен заманауи технологиялар саласындағы тәжірибелік дағдыларын шыңдайтын алаңға айналды. Зертхана аясында инженер-конструктор, электроника және борттық бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушісі, спутниктік байланыс, робототехника және деректерді талдау маманына қажетті құзыреттер қалыптасады.

Майра ЕРҒАЛИ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT