Қасиетті Рамазан айында Атырау қаласында тұрғындардың діни құлшылықтан кейінгі қатынауына қолайлы жағдай жасалып отыр. Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, тарауық намазынан соң жамағат үшін қоғамдық көліктер арнайы ұйымдастырылады. Иманғали мешітінде құлшылық еткен тұрғындар енді кешкі уақытта қатынас мәселесіне алаңдамайды. Тарауық намазы аяқталғаннан кейін орталық Иманғали мешіті алдынан автобустар қатынайды. Бұл бастама жамағаттың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қоғамдық көліктер бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Автобустар “Балықшы”, “Нұрсая” шағын аудандары және Теміржол вокзалы бағыттары бойынша жүреді. Жолаушылар тасымалын қаладағы «Akzhayik Avtopark» ЖШС тарапынан екі автобус бөлінсе, «KG Transport» ЖШС бір автобус шығарады. Бұл шара қасиетті айда тұрғындардың жүріп-тұруына қосымша мүмкіндік бермек. Қала әкімдігі қасиетті Рамазан айында барша тұрғындарға ізгі тілегін жеткізіп, құлшылықтарының қабыл болуын тіледі.
Алмас ҚАБДОЛ


