1923 жылғы 1 сәуірде облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газеті алғаш рет «Ерік» атауымен жарық көріп, ел өміріндегі маңызды ақпарат көзіне айналған еді. Осы атаулы күнге орай Қызылқоға ауданына қарасты Қаракөл ауылында ұзақ жылдар бойы тұрып, қарапайым еңбекпен ауылдың дамуына өзіндік үлес қосқан, бүгінде тоқсан жасқа таяған Ілия Қилашқызының білім-ғылымға деген ұстанымына қатысты пікірін ұсынып отырмыз.
Үй шаруасындағы көпбалалы ана бола жүріп, жүк түсіруші, от жағушы секілді ауыр жұмыстарды атқарған ақ жаулықты әже бүгінгі қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайды. Оны қазіргі жастардың газет-журнал мен кітап оқуға деген қызығушылығы төмендеп кеткені алаңдатады.
Бүгінде Доссор кентінде тұратын, бірнеше ұл-қызынан немере-шөбере сүйіп отырған асыл әже қазіргі буынның интернет пен телефонға тәуелді болып бара жатқанын да жасырмайды. Оның пікірінше, газет-журнал оқымаған, кітапқа жақын болмаған адамның таным көкжиегі де тарылып, рухани дүниесі жұтаңдай түседі.
– Жастар газет оқымайды, газет оқыса, ой-өрісі кеңіп, көп нәрсені үйренер еді. Бұрынғы салт-дәстүрді, қазақтың қағидаларын бойына сіңірер еді. Қазіргі жастарды интернет пен телефон жаулап алған. Күні-түні содан көз айырмайды. Одан не өмір, не тіршілік болады? Қазір көпшілік керемет кітаптарды оқымайды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлы шығармаларын оқыса көп пайда алар еді. Ертеде ел ішінде болған салттың бірі — «бүйрек сыбаға» деп аталатын. Қазір балалар бүйрек, құлақ дегенді татпайды, — деп, ұлттық тәрбиенің әлсіреуін қынжыла жеткізді.
Алмас ҚАБДОЛ


