Атырау қаласындағы Atyrau Creative Hub базасында Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің өңірдің шығармашыл жастарымен кездесуі өтті. Жас талантты жиналып, жаңа Конституция жобасы мен оның өздерінің болашағына әсері туралы пікір алмасты.
Әңгімелесу барысында шығармашылық саладағы жастардың алдында тұрған негізгі мәселелер көтерілді. Олар: инфрақұрылым мен жұмыс алаңдарына қолжетімділіктің шектеулі болуы, авторлық құқықтардың әлсіз қорғалуы, білім беру мен кәсіби мүмкіндіктердің жетіспеушілігі. Осыған байланысты Коалиция мүшелері жаңа Конституциядағы мәдениет пен шығармашылықты қолдау, авторлық құқықты қорғау, білім мен инновацияларды дамыту, ана тілін сақтау және тарихи-мәдени мұраны сақтау сынды перспективалар туралы айтып берді.
Шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға мәселесіне арнайы назар аударылды. Енді авторлар мен өнертапқыштардың еңбегі мемлекет тарапынан қорғалатын болады. Ал сөз бостандығы мен сөз пікірін білдіру басқалардың қадір-қасиетіне және құқықтарына деген құрметпен үйлестіріледі. Бұл идея алмасу, жобалар жасау және мәдени бастамаларды дамыту үшін қауіпсіз орта қалыптастырады.
Жас көшбасшылар жаңа Конституцияда қазіргі технологиялық дәуірдің қиындықтары мен талаптары ескерілгенін, онда жеке деректерді қорғауды күшейту және цифрлық қауіпсіздікке заманауи тәсілдер енгізу қарастырылғанын атап өтті. Жастардың пікірінше, бұл нормаларды бекіту, әсіресе, қазіргідей цифрлық платформалар мен жасанды интеллект және түрлі онлайн-қызметтер қарқынды дамыған кезеңде өте маңызды. Себебі, олар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Талқылау барысында жастардың саясатқа араласуы мәселелері де қозғалды. Белсенділер конституциялық реформалар азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуын кеңейтуді көздейтінін атап өтті. Бұл жастарға тек сайлауға қатысу ғана емес, құзырлы органдар мен азаматтық қоғам институттарында өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға да мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар 15 наурызда республикалық референдумға қатысуға және жастардың мүдделері мен өз әлеуеттерін көрсету мүмкіндіктерін басты орынға қойған жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендіктерін білдірді.




