«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Атырау облысының тұрғындарымен жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін талқылады. Түрлі алаңдарда өткен кездесулерге зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
Аталған топ алдымен Атырау қаласындағы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС өндірістік алаңына барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жиынның негізгі тақырыбы экономикалық тұрақтылық пен жұмысшы мамандықтарының мәртебесі туралы болды. 2500-ден астам қызметкерді біріктірген стратегиялық маңызы бар кәсіпорында жұмысшылар еңбек адамын қолдауға қатысты конституциялық басымдықтар жөнінде өз сұрақтарын қойды. Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов реформаның басты мәні – ұзақмерзімді әлеуметтік кепілдіктер жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.
«Адам еңбегі – мемлекеттің негізі. Жаңа Конституцияда адам, оның өмірі мен құқығы ең жоғары құндылық ретінде танылды. Еңбек ету құқығы, әділ еңбекақы және кемсітушілікке жол бермеу конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл өндіріс саласындағы мемлекеттік саясат, ең алдымен адамның мүддесіне бағытталатынын білдіреді», – деді ол.
Коалиция мүшелері Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жиын өткізді. Жоғары оқу орнының оқытушыларымен және студенттерімен өткен кездесуде адам капиталын дамыту, ғылым мен инновацияны қолдау, цифрлық құқық пен зияткерлік еңбекті қорғау мәселелері көтерілді. Коалиция өкілі Берікқали Сәрсенғалиев Конституцияның 3-бабында білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекет дарынды жастарға инвестиция салуды жүйелі саясатқа айналдырады.
Мазмұнды әңгіме Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде жалғасты. Онда педагогтердің құқықтық қорғалуы, кәсіби еркіндігі және бірыңғай білім беру стандарттарының маңызы талқыланды. Коалиция мүшесі Ақылбек Құлбараков әлеуметтік кепілдіктерді Конституция деңгейінде бекіту педагогтердің мәртебесін нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында өткен кездесуде жаңа Конституция жобасындағы жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы, экологияны қорғау және жергілікті басқаруды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Жалпыұлттық коалиция мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов ауыл тұрғындары үшін жер мен судың, ауаның тазалығы – күнделікті тіршілік пен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті.
«Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі, ал мемлекет меншік құқығын халық атынан жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту ауыл тұрғындарының өңірлік шешімдерге қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Жаңа Конституция табиғатты қорғау және жер ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы ортақ жауапкершілікті айқындайды», – деді ол.
Бұдан кейін аталған топ Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебінде мәдениет және өнер саласының өкілдерімен жүздесті. Жиын барысында шығармашылық еркіндік, тарихи мұраны және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды. Коалиция мүшесі, партия ардагері Бақберген Қарабаев Конституция жобасында мәдениет, білім және ғылым салалары ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті.
«Құжатта сөз бостандығына, ғылыми және көркем шығармашылық еркіндігіне тікелей кепілдік берілді. Бұл – мәдениет пен өнер саласында еңбек ететін азаматтар үшін нақты құқықтық қорған. Сонымен қатар еркіндік жауапкершілікпен ұштасуға тиіс. Өзге адамдардың құқығы мен қоғам мүддесіне нұқсан келтірмеу қағидаты сақталады. Конституция жобасы тарихи-мәдени мұраны қорғауды мемлекет пен азаматтардың ортақ міндеті ретінде бекітеді. Бұл музей, архив, кітапхана және өзге де мәдени институттардың жұмысына жүйелі қолдау көрсетуге құқықтық негіз қалыптастырады», – деді ол.
Бұдан бөлек коалиция өкілдері өңір жұртшылығымен тағы бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, «Атырау Су Арнасы» КМК ұжымымен, Махамбет ауылындағы Нарын бизнес-инкубатор орталығында ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлерімен, Исатай ауданында «Жайықмұнайгаз» өндірістік бөлімшесі қызметкерлерімен, аудандық орталық аурухана мамандарымен мазмұнды диалог ұйымдастырылды. Онда азаматтардың референдумға қатысуы, ашық коммуникация және қоғамның анық ақпарат алуының мемлекет болашағын қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 12 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300-ге тарта қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион қазақстандықты біріктіреді.




