Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе жастардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруда танымдық шаралардың маңызы зор. Осы мақсатта Махамбет ауданында «Эко-Quiz» экологиялық зияткерлік сайысы ұйымдастырылды.
Білім додасына 18–35 жас аралығындағы жастар қатысып, экология саласындағы білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды. Сайысты «БастаUp» жергілікті бастамаларды қолдау қоры ұйымдастырып, Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қолдау көрсетті. Зияткерлік сайыс барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және экологиялық жауапкершілік тақырыптарын қамтыған сұрақтарға жауап берді. Командалар өзара білім жарыстырып қана қоймай, логикалық ойлау қабілеттерін, шапшаңдықтары мен ұйымшылдықтарын да көрсетті.
Шара барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Құралбек Жиенғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді. Ол жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталып, табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Тартысты өткен сайыс қорытындысында Ақжайық ауылынан келген «Quiz Ui» командасы І орынды жеңіп алды. ІІ орын Ақтоғай ауылының «Шой» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Өнерпаз» мәдениет үйінің атынан қатысқан «Сахналықтар» командасы иеленді. Жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Өз тілшіміз




