Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Экология министрі Теңіздегі табиғатты қорғау жобаларымен танысты

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында Теңіз кен орнына барды. Өңірлік әкімдік өкілдерімен бірге ол «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) жүзеге асырып жатқан экологиялық жобалармен, сондай-ақ табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен заманауи мониторинг технологияларымен танысты.

Сапар бағдарламасына кен орнындағы өндірістік нысандарды, экологиялық бақылау жүйелерін, кәріздік-тазарту құрылыстарын және суды қайта пайдалану қондырғыларын аралау кірді. Әсіресе өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.

«Теңізшевройл қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөледі. Біз ТШО-ның үлесін жоғары бағалаймыз, өйткені компания Қазақстанның мұнай-газ секторына келген алғашқы халықаралық компаниялардың бірі ретінде жоғары экологиялық стандарттарды енгізіп келеді», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Компания мәліметінше, 2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың әр тоннасына шаққандағы атмосфераға шығарылатын шығарындылар көлемі 78%-ға қысқарған. Сонымен қатар бүгінде кәсіпорында пайдаланылатын судың шамамен 50%-ы көпсатылы тазартудан өткеннен кейін қайтадан өндірістік циклге қайтарылады. Бұл өндіріс көлемі ұлғайған жағдайда да сыртқы су көздеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

ТШО бас директоры Уильям Лакоби экологиялық қауіпсіздік компания қызметінің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Теңізшевройл үшін қоршаған ортаны қорғау – қызметіміздің ажырамас бөлігі әрі тұрақты дамудың маңызды элементі. Көптеген жылдар бойы ТШО табиғатты қорғау жобаларына, экологиялық мониторинг бағдарламаларына және өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға қомақты қаражат салып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде компания шығарындыларды азайту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қалдықтарды басқару салаларында елеулі нәтижелерге қол жеткізуде», – деді Уильям Лакоби.

Сапар барысында делегацияға экологиялық деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерге нақты уақыт режимінде жіберетін эмиссияларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйесінің жұмысы да таныстырылды. Бұдан бөлек, кәсіпорында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта қалдықтардың 30-дан астам түрі қайта өңдеуге жіберіледі.

Сапар қорытындысы бойынша Ерлан Нысанбаев ТШО-ның заманауи табиғатты қорғау технологияларын енгізу және өндірістің экологиялық тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысын оң бағалады. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл сапар экологиялық жобаларға салынған көпжылдық инвестициялардың нәтижесін көрсетуге және тұрақты даму бағытының тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік берді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT