Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Еңбек министрлігі мен «Теңізшевройл» жұмыспен қамту, кадр даярлау және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін талқылады

Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Уильям Лакобимен, Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджер Нұрмұхамед Қартабаевпен және адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджер Камшат Байжановамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар халықты жұмыспен қамту, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, еңбек құқықтарын сақтау, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ тәлімгерлікті дамыту және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі - кадр даярлау жүйесін экономиканың нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіру болды. 2026 жылы Еңбек министрлігі жұмыссыз азаматтарды, жастарды, сондай-ақ оқып, қайта даярлаудан өтіп жатқан азаматтарды қоса алғанда, 548 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Бұл ретте ірі жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастық орнатуға ерекше мән берілмек. Мұндай әріптестік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларға бағытталған кадр даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Біздің міндетіміз - азаматтарға жұмыс табуға көмектесумен ғана шектелмей, экономиканың нақты сұранысына сай мамандар даярлау. Бұл ретте оқыту, тәлімгерлік және тәжірибелі мамандардың білімін қазақстандық кадрларға беру маңызды рөл атқарады», - деді Асқарбек Ертаев.

Кездесуде «Теңізшевройлдағы» кадрлық әлеуетке де назар аударылды. Бүгінде компания қызметкерлерінің 96 пайызы - Қазақстан азаматтары. Салыстырмалы түрде, 1993 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған. Ал жоғары және орта буын басшылары арасында қазақстандық мамандардың үлесі 90 пайызға жетіп отыр.

Тараптар компанияның қазақстандық кадрлық әлеуетті дамытуға қосып отырған үлесін атап өтіп, кәсіби білім мен халықаралық тәжірибені отандық мамандарға одан әрі берудің маңыздылығын атап өтті.

«Еңбек қауіпсіздігі - біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. ТШО үшін әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығы - басты басымдық. Біз қауіпсіздік мәдениетін одан әрі нығайтып, әлемдік озық тәжірибелерді енгізуді, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруді және компания қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысшылары үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қалыптасқан сындарлы әріптестікті жоғары бағалаймыз және адами капиталды дамыту мен мамандар даярлау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайынбыз», – деді Уильям Лакоби.

Кездесуде еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Компанияда ұжымдық шарт пен кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. 2026 жылы «Теңізшевройлға» қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген жоқ. Сондай-ақ өндірістік қызметке байланысты жазатайым оқиғалар тіркелмеген.

Аскарбек Ертаев еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. 2026 жылдың басынан бері Еңбек министрлігіне еліміздің барлық өңірінен түрлі мәселелер бойынша шамамен 68 мың өтініш түскен. Олардың қатарында еңбекақы төлеу және еңбек дауларына қатысты мәселелер де бар. Осыған байланысты еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда.

Кездесуде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және еңбек мәдениетін қалыптастыру мәселесі де сөз болды. Министр «Теңізшевройл» компаниясының адам еңбегін дәріптеуге, тәлімгерлікті дамытуға және еңбек дәстүрлерін сақтауға бағытталған республикалық «Еңбек жолы» байқауына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін компания басшылығына алғыс білдірді.

«Ірі компаниялар тек жұмыс орындарын ашумен шектелмей, елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға да үлес қосуы қажет. Оқыту, тәлімгерлік және тәжірибе алмасу арқылы қазақстандық мамандардың кәсіби өсуіне мүмкіндік жасаймыз», - деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыспен қамту, кадрларды жоспарлау, мамандарды даярлау және қайта даярлау, еңбек құқықтарын қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру бағыттарындағы жүйелі ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Алдағы уақытта тәлімгерлікті дамытуға, кәсіби құзыреттерді қазақстандық мамандарға беруге және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT