Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өзекті болып отыр. Осы ретте «Жасыл ел» бағдарламасы көптеген жас үшін алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайтын маңызды алаңға айналды. Бағдарлама жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, еңбек тәртібін сақтауға, жауапкершілікке және ұжыммен жұмыс істеуге баулиды.
Биыл аудан бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушыларына ай сайын 85 мың теңге көлемінде еңбекақы төленуде. Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаевтың айтуынша, жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту үшін түрлі кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылып, белсенді жастар бағдарламаға жұмылдырылуда.
Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – әлеуметтік осал топтағы жастарға басымдық берілуі. Көпбалалы отбасылардан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алатын және мүмкіндігі шектеулі жастар еңбекпен қамтылып келеді.
«Жасыл ел» сарбазы Доспай Әбдирахман жобаның жастардың бойында еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама туған жердің тазалығына үлес қосып, табиғатты аялаудың маңызын түсінуге мүмкіндік береді.
Бүгінде еңбек жасағының мүшелері аудан аумағын көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу және экологиялық акцияларға қатысу арқылы туған өлкенің көркеюіне үлес қосуда. Мамандардың пікірінше, «Жасыл ел» – жай ғана маусымдық жұмыс емес, жастарды еңбекке тәрбиелейтін және азаматтық ұстанымын қалыптастыратын маңызды әлеуметтік жоба.
Ш.Төлегенова



