«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Мақат ауданында экологиялық мониторинг жұмыстары жаңа технологиялармен толықтырылуда. Бұған дейін аудан орталығында іске қосылған дрон енді Доссор кентінде де ұшырыла бастады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Заманауи құрылғы елді мекен аумағын әуеден бақылап, санитарлық тазалықтың сақталуын, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге тастағандарды анықтауға мүмкіндік береді.
- Бүгінде тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Дронның көмегімен қоқыс жиналған орындарды анықтап қана қоймай, тазалық талаптарының сақталуын бақылаймыз. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындарға айыппұл салу емес, ең алдымен тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыру, - деді Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетов.
Сондай-ақ ол дрон арқылы анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, тазалық жұмыстары ұйымдастырылатынын айтты.



