Сайлау десе, көпшіліктің көз алдына дауыс беру күні елестейді. Алайда сол күнге дейін сайлау комиссиялары атқаратын ауқымды ұйымдастыру жұмыстары бар. Сайлау учаскелерін дайындау, комиссия мүшелерін оқыту, сайлаушылар тізімдерін нақтылау сияқты жұмыстардың барлығы алдын ала жүргізіледі.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, әр сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Сайлау кезекті, кезектен тыс немесе өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған депутаттар мен әкімдердің орнына тағайындалып, өткізілуі мүмкін.
Сайлауға дайындық барысында сайлау округінің аумағы мен шекарасы, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы нақтыланады. Сонымен бірге комиссиялар орналасатын ғимараттар мен дауыс беруге арналған орындар дайындалып, сайлау процесіне қатысушылар үшін тиісті жағдай жасалады.
Бұл ретте сайлаушылардың әр санатына қолайлы жағдай жасау мәселесіне де назар аударылады.
Сайлау қарсаңында сайлаушылардың тізімдері нақтыланады. Комиссия мүшелері үшін арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылып, онда сайлау заңнамасының талаптары мен практикалық мәселелер қарастырылады.
Әсия Баянқызының айтуынша, дайындық барысында тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге және заң талаптарын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.
Сайлау комиссиялары кандидаттармен және олардың сенім білдірген адамдарымен де заңда белгіленген тәртіппен жұмыс жүргізеді. Сонымен бірге сайлау процесіне қатысушылар үшін әдістемелік материалдар әзірленеді.
Сайлау процесін байқауға құқығы бар қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар да заңда белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өтеді.
Ал учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру күніне 20 күн қалғанда өз жұмысына кіріседі. Олар сайлаушылардың тізімдерімен жұмыс істеп, азаматтарға шақыру қағаздарын таратады, учаскеге келген сайлаушыларды тізім бойынша тексереді. Сондай-ақ комиссияға келіп түскен арыздар мен шағымдар қаралады.
Дауыс беруге бір күн қалғанда учаскелік комиссия сайлау учаскесін соңғы рет пысықтайды. Дауыс беруге қажетті құралдар, кеңсе тауарлары, журналдар, сайлаушылар тізімдері және басқа да құжаттар әзірленеді. Комиссия мүшелері, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері орналасатын орындар да дайындалады.
Дауыс беру күніне дайындық кезінде қажетті құралдардың толықтығы тексеріліп, Орталық сайлау комиссиясының тиісті қаулысымен бекітілген тәртіпке сәйкес жұмыстар жүргізіледі.
–Жалпы қандай да сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітіліп, сайлау туралы заңнамасымен реттелген кезеңдерге сәйкес жұмыс жүргізіледі, — дейді Әсия Қыстаубаева.
Осылайша, сайлау тек дауыс беретін күнмен шектелмейтін, алдын ала белгіленген кезеңдер бойынша жүргізілетін күрделі ұйымдастыру процесі. Оның әр кезеңі сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Майра ЕРҒАЛИ



