Жыл сайын елімізде балалардың өзендерде, көлдерде, су қоймаларында, каналдарда және басқа да су нысандарында жазатайым оқиғаларға ұшырау фактілері тіркеледі.
Олардың негізгі себептері балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы, ата-аналар мен заңды өкілдердің бақылауының жеткіліксіздігі, рұқсат етілмеген орындарда шомылуы және судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамауы болып табылады. Соның салдарынан балалар ауыр жарақат алып, кейбір жағдайларда суға кету фактілері орын алуда.
Мәселен, 2026 жылғы 31 наурызда Түркістан облысында Машат өзенінің маңында ойнап жүрген кәмелетке толмаған баланың, 2026 жылғы 8 мамырда Алматы облысындағы «Саз Талғар №2» су қоймасында кәмелетке толмаған балалардың суға кету фактісі тіркелді. 2025 жылы балалардың суға батып кеткен 49 жағдайы тіркелді (2023 жылы – 60, 2024 жылы – 55). Оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған су айдындарында, сондай-ақ ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы салдарынан орын алған. Бұл ретте суға батып кеткен балалар 2-18 жаста. Жаз мезгілінде балалардың су айдындарының маңында көбірек уақыт өткізуіне байланысты жағдайдың күрделене түсуі ықтимал. Өз кезегінде балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген және бұл бағыттағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Су кодексінде де су объектілерінде жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды белгілеу әкімдіктердің құзырында екені жазылған.


