Атырау қалалық полиция басқармасында қызмет етіп жүрген отбасылық жұптардың бірі – Мирасбек Қуатбекұлы мен Римма Серікқызы. Қызмет пен өмір жолын қатар алып келе жатқан жас мамандар бүгінде абыроймен еңбек етуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мирасбек пен Римма студенттік шақта танысып, 2022 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады. Сол жылдың қыркүйек айында олар Ақтөбе қаласындағы Заң институтында кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында үш айлық курстан бірге өтті.
Мирасбек еңбек жолын 2022 жылы бастап, содан бері Атырау қаласы полиция басқармасының Тергеу бөлімінде тергеуші лауазымын атқарып келеді. Ал Римма Қарақойшиева алғашқы еңбек жолын Исатай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобында бастап, 2025 жылдың маусым айынан бері Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінде инспектор лауазымында қызмет етеді.
Қызметтен бөлек, Римма Серікқызы ән айтуға әуес. Бұл қызығушылығын мектеп кезінен бері дамытып келеді. Талай топты жарып ән жарыстарында жүлделі орындар иеленген полицей ару ән айтуды сүйікті ісім дейді. Оның айтуынша, жолдасы оны әрдайым қолдап, өнеріне құрметпен қарайтын көрінеді.
Ал Мирасбек Қуатбекұлы бала кезінен спортқа жақын. Бокспен айналысып, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Қазіргі таңда қызметіне байланысты спортқа бөлінетін уақыты шектеулі болғанымен, салауатты өмір салтын ұстануды жалғастырып келеді.
Ортақ мақсат пен өзара қолдаудың арқасында жас жұбайлар 2025 жылы шаңырақ көтерді. Бүгінде олар ел тыныштығын күзету жолында бірлесе еңбек етіп, болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді.


