Заң мен тәртіп тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, ол қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін, азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Медицина тұрғысынан қарағанда баланың қауіпсіз ортада өсуі физикалық, психикалық және әлеуметтік саулығына тікелей әсер етеді. Қауіпсіз және тұрақты құқықтық ортада өскен бала өзін қорғалғанын сезінеді.
Бұл баланың жүйке жұмысының дұрыс дамуына, тұлғалық қалыптасуына және оқу қабілетіне оң әсер етеді. Қоғамда заң мен тәртіптің сақталуы профилактикалық медицинаның негізі болып табылады. Профилактикалық медицинаның үш кезеңі бар. Бастапқы профилактикаға ауру пайда болғанға дейін оның себептерін жоюға бағытталған шаралар (вакцинация, салауатты өмір салты, гигиена) жатады. Екіншілік профилактикаға ауруды ерте сатысында анықтау және емдеу (скринингтік тексерулер, медициналық қарап-тексерулер) кірсе, үшіншілік профилактика асқынулардың алдын алу және оларды оңалту болып табылады. Жасөспірімдік кезең – балалық шақтан ересектікке өту, физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік өзгерістермен сипатталатын, тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды әрі күрделі кезең. Яғни бұл уақытта жасөспірімдерде сыртқы ортаның әсерінен сезімталдық жоғары болады.
Сондықтан жасөспірімдік кезеңде темекі, соның ішінде электронды темекі шегу, алкогольді өнімдер мен есірткілік заттарды тұтыну ағзаға өте қауіпті. Мәселен, темекі – тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының ерте дамуына әкелсе, алкоголь – бауырдың зақымдануын, асқазан-ішек жолдары ауруларын және мінез-құлықтың бұзылуын туындатып, есірткі – психикалық ауытқулар мен өлім қаупін арттырады. Осындай зиянды заттарды ерте бастан қабылдау созылмалы аурулардың негізін қалайды. Сондай-ақ буллинг, отбасылық мәселелер (жанжал), оқу жүктемесінің шамадан тыс артуы мен әлеуметтік желідегі қысым жасөспірімдердің психикалық денсаулығына, эмоционалдық күйіне теріс әсер етіп, стресс пен күйзеліске алып келеді. Жалпы жасөспірімдерге қауіп төндіретін мәселе өте көп. Оның алдын алу үшін отбасының қолдауы керек, мектепте тәрбиелік жұмыс, медициналық бақылау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды рөл атқарады. Сондықтан қауіпсіз балалық шақ – дені сау, білімді және әлеуметтік жауапты ұрпақ кепілі болып табылады.
Нұргүл КЕНЖЕҚАРА,
аудандық аурухананың жалпы практика дәрігері


