Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Автосаяхат деген …Рахат!»

Соңғы жылдары қазақстандықтардың шетелге өз көлігімен саяхаттауы кең етек жайып келеді. Расында отбасылық қарым-қатынасты нығайтудың, дүниетанымды кеңейтудің, өзінше бір өмір салтына айналып бара жатқан ерек үрдіс. Бұрын шекара асу дегенде көпшілік алдымен ұшақ, автобус, турфирма туралы ойласа, бүгінде адамдар өз еркіндігіне, дербес шешім қабылдауға, еркін қозғалысқа көбірек мән бере бастады.

Саяхатқа маңыз беру, оның ішінде ішкі туризмді дамыту өңірлердің дамуына да мүмкіндік берер еді. Өйткені саяхатшының қаржысы шетелде емес, өз елімізде қалады. Олай болса, қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне, қонақ үйлердегі, мейрамхана, асханалардағы сервистік қызметтің жақсаруына күш салынуы қажет.

Арзан әрі еркіндік

Адамдар неге отбасымен көлігіне мініп, ұзақ жолға шығып, шекара асып, өзге елдерді аралауға бел буады? Біріншіден, экономикалық себептер. Бүгінде ұшақпен бір отбасы үшін билет сатып алып, қонақ үй жалдап, ұйымдастырылған турға қатысу – қымбатқа түсетін іс. Ал жеке көлікпен шыққанда жанармай шығынын есепке ала отырып, барлық маршрутты алдын ала жоспарлауға, жолдағы бюджетті бақылауға мүмкіндік бар.

 

Екіншіден, бұл – еркіндік пен икемділік. Қай күні қайда тоқтау, қай жерді көру, қанша уақыт болу – бәрі саяхаттаушының өз еркінде. Қаласа, жол бойындағы табиғи сұлулықты тамашалап, немесе шалғайдағы ауылдарға бұрылып, шынайы мәдениетпен етене араласуға болады.

Үшіншіден, бұл – тәрбие мен отбасылық қатынасты нығайтудың таптырмас мүмкіндігі. Ұзақ жолда бірге уақыт өткізу, бірге тамақ әзірлеу, шатыр тігу, шекарадан өту – мұның бәрі балаларға да, ата-анаға да өмір мектебі.

Жол үстіндегі естеліктер

Кейбір адамдар үшін демалыс – ұшаққа отырып, бірнеше сағатта межелі жерге жету болса, енді бірі үшін нағыз саяхат жолдың өзінен басталады. Атыраулық Эльмира Базарбаева отбасы болып осы екінші жолды таңдаған жандардың қатарында. Олар жыл сайын шетелге өз көліктерімен шығып, барған елдің көрікті жерлерін, оның табиғатын, тұрмысын, халқын, жол мәдениетін танып қайтады.

Былтыр олар Атыраудан шығып, Ресей арқылы Грузияға, одан әрі Түркияға дейін барып, қайта оралған. Атырау – Астрахан – Қазбегі – Батуми – Ризе – Трабзон – Ыстамбұл – Каппадокия бағытында алты мың шақырымнан астам жол жүріп өткен. Қайтар жолда тағы да Батумиге соғып, оның маңындағы Шекветили ауылында аялдап, Қара теңіздің жағасында тыныққан. Сапарға шамамен 1 миллион 300 мың теңге жұмсалыпты. Оның 340 мың теңгесі тек жанармайға кеткен көрінеді.

– Ұшақпен барған адам бір ғана елді көреді. Ал көлікпен шыққан жолаушы жолдың өзін көреді. Біз үшін саяхаттың қызығы да сонда. Ресейдің Дағыстаны мен Шешенстанын, Грузияның тау бөктеріндегі шағын ауылдарын, Түркияның Қара теңіз жағалауындағы қалаларын аралап өттік. Әр жерде тоқтап, табиғатын тамашаладық, жергілікті халықпен тілдестік, суретке түстік. Ыстамбұлдың қайнаған тіршілігін көрдік, кейін өз көлігімізбен Каппадокияға дейін бардық. Мұның бәрін ұшақпен барған адам сезіне алмайды. Жол үстінде отбасыңмен ұзақ әңгімелесесің, балалармен уақыт өткізесің. Сондықтан ұзақ жол бізді шаршатпайды, қайта жақындастырады. Балалар жалықпас үшін кітап, сурет салатын альбом, түрлі түсті қарындаш алып шыққан дұрыс. Сонда уақыттың қалай өткенін де байқамай қаласың, — дейді Эльмира Базарбаева.

Оның айтуынша, мұндай сапарға шығатын уақытты дұрыс таңдаудың маңызы зор. Олар тамыз айында барғандықтан, демалыс маусымындағы адам қарасының көптігі шекарадан өтуді едәуір қиындатқан. Барған кезде сегіз сағат, қайтар жолда он бес сағат кезек күтуге тура келген. Сондықтан саяхатшының маусым немесе қыркүйек айларын таңдағаны әлдеқайда қолайлы деп есептейді.

Бастысы – қауіпсіздік

Сапар барысында олар кейде қонақүйлерге тоқтаса, кейде жол бойында тынығып отырған. Түркияда түн болып кеткен кезде үлкен жанармай бекеттерінің жанындағы мешіттердің маңына көліктерін қойып, қауіпсіз жағдайда көліктің ішінде түнеп шыққан кездері де болған. Оның айтуынша, оларды ешкім мазаламапты. Жол бойындағы тәртіп пен қауіпсіздік те көңілден шыққан.

Саяхатшы барған елдердің табиғаты мен тұрмысын салыстырып үлгерген. Әсіресе, Грузияның тау мен теңіз тоғысқан көркем табиғаты ерекше әсер қалдырған. Алайда жергілікті халықтың туристерден жалыққандай күйі байқалған екен. Ал Ыстамбұл тұрғындары керісінше, қонақжайлылық танытып, қызмет көрсету мәдениетінің жоғары деңгейін көрсеткен.

Баға мәселесінде Қазақстанның әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткізіпті. Қазақ Елінде АИ-95 бензинінің бағасы шамамен 250 теңге болса, Грузияда ол 650 теңгеге, Түркияда 720 теңгеге дейін жетеді. Ет бағасы да айтарлықтай қымбат,  Грузияда бір килосы шамамен 13 мың теңге, Түркияда 17 мың теңге. Ыстамбұлдың кейбір тас жолдары ақылы болғандықтан, жүрген қашықтыққа қарай төлем жасауға тура келеді. «Соған қарамастан егер жолға алдын ала дайындалып, азық-түлікті үйден алып шығып, кейде табиғат аясында түнеп, қымбат мейрамханалардың орнына қарапайым асханаларды таңдаса, мұндай автосаяхатты көп шығынсыз ұйымдастыруға болады» дейді сұхбаттасушымыз.

– Автосаяхат міндетті түрде қымбат болады деген пікірмен келіспеймін. Ақшаңды дұрыс жоспарласаң, кез-келген отбасына арзанға түседі. Үйден консерві, жарма, шай сияқты азық-түлік алып шығуға болады. Палатка тігіп, түнеуге де мүмкіндік бар. Дәл солай палаткаларын тігіп, ұйықтап, тынығып жатқан туристер көп болды. Қазіргі тілмен айтқанда кэйтерингтер бар. Ал жайлылықты қалайтындар үшін бюджетке сай қонақүйлер де жеткілікті. Ең бастысы – жолға дайын болып шығу. Біз бұған дейін Өзбекстанға да көлікпен барып, қонақүйде емес, қарапайым өзбек отбасының үйінде тұрғанбыз. Сонда ғана елдің шынайы өмірін, адамдардың тұрмысын, салт-дәстүрін жақыннан сезінесің. Осындай сапарлардың ең үлкен сыйы – жол бойында жинаған әсерің мен танысқан адамдарың, -дейді Эльмира Базарбаева.

Оның айтуынша, жол сапарындағы ең үлкен қиындық – Грузия мен Түркия шекарасындағы ұзақ тексеріс болған. Ал Ресейдің Астрахан облысы мен Владикавказ маңында ұялы байланыс пен интернеттің болмауы біраз қолайсыздық туғызған көрінеді. Соған қарамастан жолдардың сапасы, көрген табиғат, кездескен адамдар мен отбасы болып бірге өткізген уақыт бұл сапарды ұмытылмас естелікке айналдырған.

Ал алматылық Айдын мен Назгүл есімді ерлі-зайыптылар соңғы үш жыл қатарынан жаз сайын автосаяхатқа шығып келеді. Биыл олар үш баласымен бірге Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара – Шымкент бағытында 12 күндік саяхат жасап қайтқан.

– Басында сәл жүрексіндік. Шекара, құжаттар, жолдың жай-күйі, балалардың шыдамы – бәрі алаңдатты. Бірақ бәрі бекер екен. Өз көлігіңмен саяхаттау деген керемет! Балалар өз тарихын көзбен көріп, өзбектермен еркін араласып, күнде жаңа бір нәрсені үйреніп отырды. Бұл – ешбір оқулық бере алмайтын тәжірибе, — дейді Айдын.

Тағы бір мысал – атыраулық Төлегеновтер отбасы Қарағандыға қыдырып барып, сол жақтан аяқ астынан өз көліктерімен Ресейдің Алтай өлкесіне дейін барып қайтқан. 5 мың шақырымнан астам жол жүріп, төрт адамнан тұратын отбасы 10 күн бойы табиғат аясында, өздері жоспарлаған кестемен жүріп отырған.

– Біз бұрын тек турфирмамен баратынбыз. Бірақ балаларымыз өсе келе, оларды табиғатқа жақын еткіміз келді. Үлкен тас жолдармен жүрмей, орман ішіндегі жолдарды, тау бөктерін таңдадық. Өз көлігің болған соң барлық жүк, керек-жарақ, тіпті от жағып, түнеуге арналған шатыр – бәрі өзіңмен бірге. Мұндай демалыстың әсері ерекше, — дейді отағасы Қанат.

Тәуекелі де бар сапар

  «Бір сапарда бірнеше елді аралап, жол бойындағы табиғатты тамашалап қайтқыңыз келе ме?». Әлеуметтік желілерде осындай жарнамалар соңғы уақытта жиі кездеседі. Грузия, Түркия, Армения, Әзербайжан бағыттарына автотур ұйымдастырып, жолаушылар жинайтындардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бірі мұны қосымша кәсіпке, енді бірі тұрақты табыс көзіне айналдырған. Бағасы да ұшақпен саяхаттағаннан әлдеқайда тиімді көрінетін мұндай ұсыныстар көпшіліктің қызығушылығын оятып отыр. Алайда жалт-жұлт еткен жарнаманың арғы жағында тәуекел де жоқ емес. Автотур ұйымдастырушыларының бәрі бірдей жауапкершілік таныта бермейді. Кейбірі алдын ала ақша жинап, кейін түрлі себеп айтып сапарды кейінге шегереді. Енді бірі мүлде уәдесін орындамайтын жағдайлар да кездеседі.

 

 

Өткен жылы сондай жағдайдың біріне атыраулық Тәттімбет пен Назерке есімді ерлі-зайыптылар тап болған. Олар көптен күткен демалысы үшін балаларын ата-әжесінің қолына қалдырып, автотурға қатысу туралы шешім қабылдайды. Алайда жолға шығар уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар түрлі сылтау айтып, сапарды кейінге қалдыра берген. Ақыры келісілгендей емес, шағын ғана турмен барып қайтуға мәжбүр болған. Артығымен төленген қаражатты қайтарып алу үшін бірнеше рет талап қойылыпты. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, ақшаларын кері қайтарудың өзі оңайға түспеген.

Осындай оқиғалар автотурға шығар алдында ұйымдастырушының сенімділігіне көз жеткізудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан әлеуметтік желідегі жарнамаға ғана сенбей, ұйымдастырушының заңды түрде тіркелгенін, бұрынғы туристердің пікірін, келісім-шарттың бар-жоғын тексерген жөн.

Қалай десек те, автотур – соңғы жылдары қазақстандықтар арасында кеңінен тарала бастаған демалыс түрі. Ол саяхатшыға бір сапарда бірнеше елді аралап, жолдың әр шақырымынан әсер алуға мүмкіндік береді. Дегенмен мұндай демалыстың қызығымен қатар жауапкершілігі де бар. Егер өз көлігіңізбен шықсаңыз, бағытты, бюджетті және қауіпсіздікті өзіңіз жоспарлайсыз. Ал ұйымдастырылған автотурды таңдасаңыз, оның заңдылығына, ұйымдастырушының сенімділігіне және қызмет көрсету шарттарына алдын ала көз жеткізу қажет. Сонда ғана ұзақ жолдың қиындығы ұмытылып, сапардан тек жақсы естелік пен жарқын әсер алып қайтуға болады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT