Ауданда бірден екі ауылдық округте, атап айтқанда, Қосшағыл және Майкөмген ауылдарында абаттандыру жұмыстары басталды. «KMG PetroChem» ЖШС бастамасымен жүзеге асқан көгалдандыру ісі республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және елді мекендерде жайлы орта қалыптастыруға бағытталды. Бүгінде қос ауылға жалпы саны 1400-ге жуық көшет отырғызылған.
Жобаның негізінде алдымен үйеңкі мен шаған көшеттер отырғызылды. Кейін ауыл саябақтарына сол жердің климатына бейімделген гүлді өсімдік түрлері, нақтырақ айтсақ, акация мен сирень ағашы егілді. Алдағы уақытта бұл саябақтар толығымен абаттандырылады деп жоспарлануда. Соған сәйкес мұнда ауыл халқының серуендеп, демалуына арналған кеңістік пайда болып, жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар қойылады.
Осылайша қосшағылдықтар мен майкөмгендіктердің өмір сүру сапасы артпақ. Игі іске атсалысқандар бұл жұмыстар арқылы абаттандыруға үлес қосып қана қоймай, ауыл жұртына үлгі болуға болатынын жеткізді. Алдағы уақытта жаңа егілген көшеттер айналаға жан бітіріп, ерекше жасыл рең мен көрік сыйлайтынына сенеді. Ал жаңа саябақ тұрғындар үшін жиі бас қосып, бос уақытын жайлы өткізуіне арналған сүйікті орынға айналуы ғажап емес.
Еске салсақ, «KMG PetroChem» ЖШС 2026 жылы 2000-ға жуық көшет отырғызуды, оның ішінде 1400 түп ағашты жаңа саябаққа, қалған 600 түп қарағай ағашын Құлсары қаласына отырғызуды жоспарлаған.
«Сол жоба негізінде жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді», — дейді жауаптылар.
Компания қолға алып отырған жобалар тек индустриялық даму аясымен шектелмей, оның шекарасынан асып, қоғамның жан-жақты өркендеуіне жол ашатын ауқымды бастамаларға айналуда. Бүгінде компания мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастырумен қатар, өзінің қызмет ететін өңірін жүйелі түрде дамытуға инвестиция салуда. Бұл ретте жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті мамандарды қолдауға, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен экологиялық әл-ауқатты жақсарту бағытында өз үлесін қосуға дайын.
А. МАХАМБЕТОВА
Жылыой ауданы


