25–30 маусым аралығында Қырғызстанда өтетін халықаралық балалар шығармашылығы байқауында Қазақстанның атынан Атырау қаласының 3 пен 18 жас аралығындағы жас суретшілері қатысады.
Беделді халықаралық байқауға Атыраудағы 11 ерекше баланың суреттері жолданады. Олар ТШО (Теңізшевройл) компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Өнер Lab» инклюзивті жобасының қатысушылары. Жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өнер арқылы өз мүмкіндіктерін ашуға және даму ерекшеліктеріне қарамастан түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуына мүмкіндік береді.
Көптеген қатысушылар үшін бұл халықаралық шығармашылық алаңға алғаш рет шығу мүмкіндігі болмақ. Олардың туындылары әртүрлі елдердің жас суретшілерінің жұмыстарымен қатар ұсынылып, талант пен шабыттың, өз ойын өнер арқылы жеткізуге деген ұмтылыстың шекарасы болмайтынын дәлелдейді.
«ҮмітНореНадежда» жеке қорының директоры, арт-терапевт дәрігер Қалима Сағындыққызы Изимованың айтуынша, бұл байқауға қатысу балалар үшін де, жоба үшін де маңызды жетістік.
«Бүгінде Атыраудағы 11 ерекше баланың жұмысы халықаралық байқауда Қазақстанның атынан ұсынылады. Бұл біздің балаларымыз үшін жай ғана шығармашылық додаға қатысу емес, өз күшіне сенуге, қолдау сезінуге және өз таланттарының туған қаласынан тыс жерде де бағалануы мүмкін екенін көруге берілген мүмкіндік. Әр сурет – шынайы сезімдерге, арман мен үмітке толы тұтас бір әлем. Біз балаларымызды мақтан тұтамыз және олардың шығармашылығы адамдардың жүрегінен орын табатынына сенеміз», – деді Қалима Изимова.
Жоба жүзеге асқан төрт ай ішінде Атырау қаласы мен Атырау облысынан 50-ден астам бала өнермен айналысуға, көрмелерге, байқауларға және мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алды. Соның арқасында балалар өз қабілеттерін ашып, өздеріне деген сенімділігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Қырғызстандағы алдағы байқау шығармашылықтың адамдарды мәдениеті мен мүмкіндігіне қарамастан біріктіретін әмбебап тіл екенін және таланттың ешқандай шекарасы болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Атырау мен бүкіл Қазақстан үшін 11 ерекше баланың жұмыстарының халықаралық байқауға қатысуы – мақтаныш қана емес, сонымен қатар инклюзивті жобалардың балалардың әлеуетін ашып, армандарына сенімді қадам жасауына ықпал ететінінің жарқын көрінісі.
Жас суретшілерімізге шабыт, жарқын әсерлер және халықаралық деңгейде жаңа шығармашылық жеңістер тілейміз!




