Алатау қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері арасында әскери үшсайыс, жеңіл атлетикалық кросс, қашықтыққа жүгіру және жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша чемпионат өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Үш күнге созылған жарысқа жеті команда сапында 60-қа жуық әскери қызметші қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар жүгіру, қарудан дәлдікпен оқ ату және кедергілерден өту кезеңдерінде бақ сынап, дене дайындығы мен жауынгерлік шеберліктерін көрсетті.

Тартысты бәсекенің қорытындысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жалпыкомандалық есепте жүлделі II орын иеленді.
Батыстық ұландықтар чемпионаттың барлық кезеңінде жоғары дайындықтарын байқатып, төзімділік, шапшаңдық пен дәлдікті қатар көрсетті. Командалық рух пен жеңіске деген жігер де жүлделі орынға жетуге ықпал етті.

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Біздің жігіттер мен қыздар да команданың жеңісі үшін бар күш-жігерін салды. Бірінші орынға сәл ғана жетпей қалдық. Алдағы жылы бұдан да жақсы дайындалып, чемпионаттың жеңімпазы атануды мақсат етіп отырмыз, – деді спорт және дене даярлығы қызметінің бастығы, лейтенант Хамит Дүзбатыров.
Майра ЕРҒАЛИ




