Бүгін өңірдегі түрлі ұлт өкілдері “Достық мекені” этнофестивалінде бас қосты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Фестиваль аясында «Инклюзивті Ассамблея» жобасы шеңберінде жәрмеңке ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Сахнада түрлі этнос өкілдері ән айтып, би билеп, театрландырылған қойылымдар қойды. Сондай-ақ қатысушылар «Достық» челленджіне қатысып, татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты Қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен университет ұжымы бірлесіп ұйымдастырды.
– Мұндай іс-шараны оқу орнында алғаш рет өткізіп отырмыз. Нәтижесінде жастар тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін байқадық. Сонымен қатар жаңа Конституция елдегі ауызбіршілік пен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату өмір сүруіне бағытталған, – деді Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім КММ басшысы Ляззат Жылқышиева.
Айта кетейік, бүгінде өңірде 80-нен астам этнос өкілі мен 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.


