Талапкерлер құжаттарын 20 шілдеге дейін тапсыра алады. Биыл республика бойынша жоғары білім алуға 89 457 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның ішінде 73 149-ы – бакалавриатқа, 13 229-ы – магистратураға, 3 079-ы – докторантураға арналған, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне 190 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның 160-ы педагогикалық бағыттағы мамандар даярлауға, 20-сы стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығына, ал 10-ы балық шаруашылығы саласына қарастырылған.
Ал С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне 112 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Бакалавриат деңгейінде электр техникасы және энергетика, автоматтандыру, тау-кен ісі мен пайдалы қазбаларды өндіру мамандықтарының әрқайсысына 20 гранттан бөлінген. Сондай-ақ химиялық инженерия және процестер, материалтану, технологиялар, механика және металл өңдеу, автокөлік құралдары мамандықтарының әрқайсысына 5 гранттан қарастырылған. Магистратура бойынша химиялық инженерия және процестер бағытына – 15, энергетика және электр техникасына – 10, мұнай инженериясына – 4, геология бағытына 3 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатын және қажетті құжаттарды тапсыру қажет. Құжат қабылдау 20 шілдеде аяқталады.



