
Тазалық талаптарын бұзғандарға жауапкершілік күшейіп, өңірдегі заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары жүйелі жүргізіліп отыр.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Атырау облысында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Учаскелік полиция инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, аумақтарды аралап, тазалық талаптарының сақталуын бақылайды. Тұрғындар мен нысан иелеріне аумақты күтіп ұстау, қоқысты белгіленбеген жерге тастамау және абаттандыру талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Талапты елемегендерге әкімшілік шара да қарастырылған.
Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 және 505-баптары бойынша 3 242 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 14,9 млн. теңге айыппұл салынған. Оның 10 млн. теңгесі өндірілген.
Экологиялық ахуалды бақылауда цифрлық технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылып отыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг барысында облыс аумағынан рұқсатсыз қалдық төгілген 15 орын анықталған.
Оның сегізі – Атырау қаласында, бесеуі – Жылыой ауданында, екеуі – Махамбет ауданында тіркелді.
Мониторинг нәтижесінде анықталған нысандардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданған. Жылыой ауданындағы бес орын толық тазартылды. Атырау қаласындағы сегіз нысан бойынша тазалау жұмыстары бақылауға алынды. Ал Махамбет ауданындағы екі орынның қолданыстағы полигондар екені тиісті құжаттармен расталды.
Мұндай бақылаудың мәні тек қоқыс орындарын анықтаумен шектелмейді. Негізгі мақсат – заңсыз қалдық төгудің алдын алып, анықталған аумақтарды уақытылы тазарту және олардың қайтадан қоқыс орнына айналуына жол бермеу. Бұл ретте қоғамдық тәртіп пен тазалық мәдениеті қатар жүруі керек.
Өйткені қоршаған ортаның тазалығы – бір ғана мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ



