Атырауда Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. «Ұстаз – білімнің шамшырағы» атты мерекелік жиынға облыс әкімі Болат Ақшолақов, білім саласының ардагерлері, педагогтер, жас ұстаздар қатысты. Облыс әкімі ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік шара ұстаздық еңбектің мәні мен маңызын арқау еткен театрландырылған қойылыммен басталды. Сахнада білім беру тарихының әр кезеңі көрсетілді.
Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар ұстазға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдары мен «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ бірқатар педагог Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында 45 жылдан бері ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан Қосай Мұқаш бар. Тәжірибелі маман музыка пәнінен сабақ берумен қатар, композиторлық қырымен де танылған. Ол – еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, шығармашылық кештер өткізіп жүрген өнер иесі.
– 45 жылдық еңбегімнің еленіп жатқанына ризамын. Барша ұстаздарға мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Шаңырақтарына құт-береке берсін! Шәкірттері биіктерден көріне берсін! Төл мереке құтты болсын! – деді Қосай Мұқаш.
Мерекелік шара барысында ұстаз еңбегінің басты нәтижесі – шәкірт жетістігі екені ерекше атап өтілді. Салтанатты жиынның концерттік бағдарламасында өнерпаздар ұстаздарға арналған әндерін орындап, би ұжымдары өнер көрсетті.
Айта кетейік, мереке қарсаңында Атырау облысының тағы бір педагогі жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Айшуақова Күләш Мырзабайқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Марапатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының үздік қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі барысында табыстады.




