Сенбілік барысында қатысушылар 156 килограмм қоқыс жинады
16 мамыр күні Атырау қаласында Plogging Run for Future экологиялық акциясы өтті. Іс-шара «Тенгизшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жер Эко Хаб» және «Теңіз жүрегі» жобалары аясында «Жүректен Жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді.
Аталған бастама спортты, экологияны және волонтерлік қозғалысты біріктіріп, республикалық «Таза Қазақстан» науқанының бір бөлігіне айналды.
Шараның негізгі мақсаты — жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоршаған ортаны қорғау мен қала тазалығына назар аударту.
Акцияға Атырау қаласының әкімдігі қолдау білдірді. Серіктестер қатарында RUN Club пен Atyrau Volunteer Corps болды.
Қатысушылар қоқыс жинаумен қатар жүгіріп өтіп, жалпы ұзындығы бес шақырымдық қашықтықты еңсерді. Іс-шараға 40-тан астам адам қатысты. Нәтижесінде 156 килограмм қалдық жиналды.
Қатысушыларға Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Гулайым Телеубаева, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбол Өтегалиев, сондай-ақ «Тенгизшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Хэймиш Полс құттықтау сөз сөйледі.
«Мұндай бастамалар қоршаған ортаға деген қамқорлық әр адамның қарапайым әрекетінен басталатынын көрсетеді. Спорт пен экология, волонтерлік біріккен кезде жауапкершілік пен қалаға деген жанашырлықтың жаңа мәдениеті қалыптасады», — деді Хэймиш Полс.
Акция барысында Atyrau Volunteer Corps ұйымының экологиялық бағытының волонтерлері ерекше белсенділік танытты. Экологиялық жүгірістің жеңімпазы 16 килограмм қоқыс жинаған волонтер Төре Бибарыс атанды.
«Мен үшін Plogging Run-ға қатысу — жай ғана жүгіріс емес, қаланың тазалығына қосқан нақты үлес. Бірнеше шақырымның өзінде қаншама қоқыс жиналатынын көргенде, қоршаған ортаға деген көзқарасың өзгереді. Мұндай акциялар адамдардың ойлауын шынымен өзгертеді және әркім өз қаласының жағдайына әсер ете алатынын көрсетеді», — деді Төре Бибарыс.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар қаланы тазартумен қатар, қоғамда экологияға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.


