Атырауда орталық көпірден айналма жолға дейінгі учаскеде жүргізілген орташа жол жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Аталған жоба бойынша жөндеу жұмыстары 6 маусым күні басталған болатын. Жоспарға сәйкес, жолды 10 күн ішінде пайдалануға беру көзделген. Алайда мердігер мекеме – KazServiceGroup жұмысты тәулік бойы ұйымдастырылған қарқынды еңбек нәтижесінде 9 күн ішінде толық аяқтады. Жөндеу жұмыстарының барысымен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Алдабергенұлы танысты. Ол атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, орталық көпірдің екі жағындағы жаяу жүргіншілер жолдарын сапалы аяқтап, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізуді тапсырды. Жоба аясында орталық көпір мен айналма жол аралығындағы ескі асфальт жабыны толық қырылып алынып, оның орнына екі қабат жаңа асфальт-бетон төселді.
Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол таңбалары жаңартылды. Нәтижесінде жол учаскесі толық жаңғыртылып, көлік қозғалысына қайта ашылды. Қазіргі уақытта бұл аумақта қозғалыс қалыпты режимде жүзеге асырылуда.




