Атырау қаласында 2026 жылғы масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар мамыр айының басынан бері жалғасуда. Қазіргі уақытта жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
Дезинсекциялық шаралар қала аумағын толық қамтиды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен подъездерінде, су қоймаларында және ылғалды аумақтарда дрон арқылы өңдеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Масаға қарсы жұмыстарды қала бойынша «AG Disinfection Services» ЖШС жүзеге асыруда. Мекеме қаланың екі жағалауында да жұмыс жүргізіп келеді.
Мамандардың айтуынша, масамен күрес жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Дезинсекция барысында агран, мистраль, фаскон, сольфак және циперметрин секілді арнайы препараттар қолданылуда. Жауаптылар бұл дәрілердің адам денсаулығына және жануарларға зиянсыз екенін айтады. Барлық ерітінділер арнайы зертханада дайындалып, тексерістен өткізіледі.
Жұмыстар жерүсті және ауаға жіберу әдістері арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ су айдындарында маса дернәсілдеріне қарсы арнайы өңдеу шаралары қолға алынған.
Дезинсекциялық жұмыстар көбіне кешкі уақыттан бастап түн ортасына дейін ұйымдастырылады.


