Салтанатты рәсімге әскери бөлім өкілдері, ардагерлер мен сарбаздардың ата-аналары қатысты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Әскери бөлімнің бас штаб басшысы Бауыржан Абсаматов Отан алдындағы жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
– Отан қорғау – әр азаматтың борышы. Бүгінде жас сарбаздар әскери ант қабылдап, ел шебін қорғау жолындағы жауапты қызметке қадам басты. Бұл – үлкен сенім мен жауапкершілік. Сіздерге адал қызмет, мықты тәртіп және ел тыныштығын қорғауда табыс тілеймін, — деді ол.
Іс-шара барысында ҚР ҰҚК ШҚ арнайы бөлімшесінің сарбаздары қоян-қолтық ұрыс пен өзін-өзі қорғау тәсілдерінен арнайы жаттығулар көрсетті.
Сонымен қатар Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасы оркестрінің сүйемелдеуімен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнерпаздардың қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. Салтанатты рәсім соңында сарбаздар ата-аналарымен бірге естелік суретке түсті.
– Немерем бүгін ант қабылдап, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Сәт сапар тілеймін. Әр ата-ана баласын әскерге жіберіп, ел қорғайтын мықты азамат болып қалыптасуына қолдау көрсетуі керек, — деді Жорабек Құмаров.


