Атырауда қаласында өткен «Отбасы құндылығы: Кеше. Бүгін. Ертең» атты облыстық форум қоғамның ең өзекті тақырыптарының бірі саналатын отбасы институтының мәнін тереңнен қозғаған тағылымды басқосу болды.
Мамыр айының екінші жексенбісі аналар күні мен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні аясында ұйымдастырылған бұл жиын ұрпақ сабақтастығын, ата-ана жауапкершілігін және ұлттық тәрбие негіздерін жаңаша пайымдауға жол ашты. Форум аясында түрлі сала өкілдері отбасының қоғамдағы рөлі, әйелдің мүмкіндігі мен жауапкершілігі, қыз тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар, мансап пен отбасы арасындағы тепе-теңдік, сондай-ақ жаһандану дәуіріндегі ұрпақ тәрбиесі секілді маңызды мәселелерді жан-жақты талқылады. Әрбір баяндамада бүгінгі қоғамның тынысы, болашаққа деген алаңдаушылық пен үміт айқын көрініс тапты. Іс-шараның тағылымды тұсы – «Әй-Керім» отбасы клубының ашылуы болды. Бұл бастама – отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, тәжірибе алмасу, өзара қолдау көрсету, рухани байланысты нығайтуға бағытталған жаңа алаң десек те болады. Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының төрайымы Зәмзәгүл Жалмурзина өз сөзінде отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар істердің қолға алынғанын атап айтты.
– Бүгінгі іс-шара – жай ғана жиын емес, қоғамның өзегін құрайтын отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Жақында ашылған отбасы хабының жалғасы ретінде «Әй-Керім» клубын құруды жоспарлаған едік. Бұл бастаманы комиссия толық қолдап, бүгінде нақты іске асырып отырмыз. Өйткені отбасы – ұлттың болашағын айқындайтын басты құндылық. Оны сақтау мен нығайту – баршамызға ортақ міндет, — деді ол.
Іс-шарада отбасы, қазіргі әйелдің мүмкіндіктері мен жауапкершілігі, қыз тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас, жаһандану дәуіріндегі ұрпақ тәрбиесі тақырыптары төңірегінде жан-ақты айтылды. Форум қорытындысында қатысушылар отбасы құндылықтарын дәріптеу тек мерекелік деңгейде ғана емес, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Себебі берік отбасы – берекелі қоғамның, ал саналы ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


