Енді жолаушылар қоғамдық көліктерде орналастырылған QR-кодтар арқылы әдеби шығармаларды, тарихи-танымдық материалдарды және ұлттық құндылықтарға негізделген контентті тыңдай алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
—Өздеріңіз білесіздер, дамыған елдерде қоғамдық көлікте кітап оқу мәдениеті қалыптасқан. Осы тәжірибені негізге ала отырып, біз оқу мәдениетін жаңа форматта насихаттауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар цифрлық технологиялар арқылы оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтуға мән берілуде. Әсіресе, бұл бастама жастар мен жолаушылар үшін уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, деді мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Айгүл Қуаныш.
Айта кетейік, жоба мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен «Audio City» атауымен іске қосылды. Алдағы уақытта бастаманы қала әкімдігінің қолдауымен қоғамдық орындарда және білім беру ұйымдарында жалғастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, ашық аспан астында жастардың кітап оқуына арналған арнайы алаңдар ұйымдастыру көзделіп отыр.



