Атырау қаласында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мақсатында профилактикалық рейд өтті.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері көпқабатты үйлердің аулалары мен тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарды аралады.Рейд барысында тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастамау, қоқысты арнайы контейнерлерге шығару және ортақ пайдаланылатын аумақтарға ұқыпты қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлері қала тазалығының сақталуы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес екенін атап өтті. Әр тұрғынның қоғамдық ортаға деген жауапкершілігі де елді мекеннің санитарлық жағдайына тікелей әсер етеді.Белгіленбеген жерге қоқыс тастау қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, қаланың көркіне де кері әсер етеді. Осыған байланысты полиция тұрғындарды тазалық талаптарын сақтауға және қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға шақырды.



