Жастардың инновациялық ойлау қабілетін дамытуға, стартап мәдениетін қалыптастыруға және өңірдегі өзекті мәселелерге заманауи шешімдер ұсынуға бағытталған «Atyrau Youth Hackathon – 2026» инновациялық жобалар конкурсы мәресіне жетті. Үш күнге жоспарланған ауқымды іс-шараға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысып, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғам үшін маңызды мәселелердің шешімін іздеді.
Хакатонның басты ерекшелігі – қатысушылардың дайын жобаны таныстыруымен ғана шектелмей, бірнеше күн бойы өз командаларымен жұмыс істеп, нақты кейстер бойынша идея әзірлеуі, оның прототипін жасауы және тәжірибелі мамандардың көмегімен жобаларын жетілдіруі. Яғни бұл – жастардың тың ойын ортаға салып қана қоймай, оны нақты іске айналдыруға мүмкіндік беретін алаң болды.
Биылғы байқауға бас-аяғы 13 команда қатысты. Үш күн ішінде олар берілген кейстерді жан-жақты талдап, мәселенің түйінін тауып, оны технологиялық тұрғыдан шешудің жолдарын ұсынды.
Хакатонның алғашқы күнінде әр команда капитаны үш ментормен жеке митап өткізіп, өз жобасының бағытын нақтылады. Ал екінші күні командалар берілген кейстер бойынша мәселенің шешімін әзірлеп, жобаларын толықтырды. Үшінші күні қатысушылар өз жұмыстарын қазылар алқасының алдында қорғады. Жобалар бағаланып, үздік командалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Хакатонның «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтуі де тегін емес. Себебі жастарға ұсынылған үш кейс те қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды.
Бірінші кейс – «Цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықты алдын алу». Бұл бағыт бойынша «Атряд» командасы жеңімпаз атанып, 700 мың теңге көлемінде жүлдеге ие болды.
Екінші кейс – «Қауіпсіз қоғам: Буллингсіз орта». Аталған бағытта «Pentacore» командасы үздік шешім ұсынып, 500 мың теңге жеңіп алды.
Ал үшінші кейс – «Құқықтық мәдениет және заңға бағынатын қоғам». Бұл кейс бойынша «Rabbits» командасы жеңімпаз атанып, 300 мың теңге көлемінде сыйақыға қол жеткізді.
Яғни жастарға қойылған міндет – қоғамда кездесетін нақты мәселелерге үңіліп, технология мен инновацияны пайдалана отырып, оның тиімді шешімін ұсыну.
«Atyrau Youth Hackathon – 2026» барысында жастарға командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге, тәжірибелі мамандардан кеңес алуға және идеясын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік берілді.
Үш күнге созылған хакатон барысында қатысушылар арасында қызу пікір алмасу, идеяларды талқылау мен жобаларды нақтылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жастар өздерінің тың идеяларын нақты жобаларға айналдырып, қоғамдағы өзекті мәселелерге технологиялық шешімдер ұсынды.
Алмас ҚАБДОЛ



