Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атырау сән әлеміне есік ашты

Қазақстандық және шетелдік дизайнерлердің басын қосқан Kazakhstan Fashion Week алғаш рет Атырауға келді. 5–6 қарашада өтетін сән апталығында отандық брендтер жаңа топтамаларын таныстырады. Жоба атыраулық таланттардың кәсіби ортада танылуына, өңірдің шығармашылық әлеуетін кеңінен көрсетуге мүмкіндік бермек.

Атыраудың сән әлеміне ұсынары қандай? Жергілікті дизайнерлердің еңбегін танытып, ұлттық нақыштағы өнімді сұранысқа ие брендке айналдыру үшін не қажет? Сән апталығына орай Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде өткен баспасөз конференциясында осы мәселелер сөз болды. Дизайнерлер мен ұйымдастырушылар ұлттық бренд қалыптастыру, отандық өнімді сыртқы нарыққа шығару және жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау жөнінде ой бөлісті.

Кездесуге Kazakhstan Fashion Week негізін қалаушылардың бірі әрі тұрақты арт-директоры, ALEX CHZHEN брендінің негізін қалаушы Алексей Чжен, Aida Kaumenova сән үйінің негізін қалаушы Аида Қауменова, Karlakosby киім және аксессуарлар брендінің негізін қалаушы, қолөнер шебері Қарлығаш Қоспаева, қырғызстандық дизайнер әрі зергер, ZALKAR брендінің негізін қалаушы Залкар Аскарали уулу қатысты. Сондай-ақ YANG LAIN брендінің негізін қалаушы әрі креативті директоры Адиля Ботабаева мен атыраулық суретші-дизайнер Маржан Маршалл келді.

whatsapp image 2026 11 05 at 15.42.151

Жиынға Қазақстан Республикасының Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлзат Ізбасарова, қауымдастықтың Атырау облысындағы төрайымы, кәсіпкер Ардақ Жауырова, қауымдастық мүшелері Валерия Ли мен Гүлгүл Нұрпейісова, Kazakhstan Fashion Week Atyrau өңірлік директоры Айсұлу Сұлтанқызы және баспасөз қызметінің өкілі Шолпан Сисеналиева да қатысты.

Сән апталығы алдындағы кездесудің техникалық бағыттағы университетте өтуінің өзіндік мәні бар. Оқу орнының ректоры Гүлзада Шакуликова заманауи сән индустриясының ғылыммен және инженериямен байланысына тоқталды.

whatsapp image 2026 11 05 at 15.42.14

— Заманауи дизайнердің жұмысы мата таңдап, киім үлгісін әзірлеумен шектелмейді. Бүгінде сән индустриясында материалдардың қасиетін зерттеу, үшөлшемді модельдеу, цифрлық технологиялар мен инженерлік шешімдерді қолдану маңызды орын алады. Сондықтан ғылым, технология, инженерия және математиканы өнермен сабақтастыру тың шығармашылық бастамаларға жол ашады.

Экологиялық жауапкершілік, ресурстарды ұқыпты пайдалану және материалдарды терең өңдеу мәселелері де сән саласымен тығыз байланысты. Осындай кездесулер студенттерге өз мамандығының мүмкіндіктерін кеңірек танып, кәсіби білімін шығармашылық ізденіспен ұштастыруға көмектеседі.

Жасанды интеллект өмірімізді қарқынды өзгертіп жатқан кезеңде адамның қиялы мен жасампаздық қабілетінің маңызы арта түседі. Студенттерге үнемі армандаудан жалықпауды, ең бастысы, бала күнгі арманынан бас тартпауды айтамын. Бүгінгі кездесу де жастарға шабыт беріп, жаңа жобалардың басталуына түрткі болады деп сенемін, — деді Гүлзада Тәңірбергенқызы.

Ректор Атыраудың креативті индустрия орталығы ретінде дамуына мүмкіндік мол екенін де жеткізді. Университеттің шығармашылық орталығы мен 700 орындық залы сән көрсетілімдерін, сурет көрмелерін және жастардың мәдени жобаларын өткізуге мүмкіндік береді. Оқу орны мұндай бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.

Кездесуде сән индустриясының экономикалық маңызы да талқыланды. Гүлзат Ізбасарова көпшілік көретін әсемдіктің артында тұтас ұжымның еңбегі мен өндірістік үдеріс тұрғанын атап өтті.

whatsapp image 2026 11 05 at 15.42.142

— Сән дегенде алдымен өнерді, әсемдік пен стильді елестетеміз. Алайда сән — кәсіпкерлікпен, өндіріспен тығыз байланысты сала. Әрбір топтаманың дүниеге келуіне дизайнердің ізденісі мен тұтас команданың еңбегі жұмсалады. Бұл салада да өндірісті жүргізу, жұмыс орындарын сақтау, жалақы төлеу секілді міндеттер бар. Сондықтан сән индустриясын қолдау — шығармашылықты дамытумен бірге, кәсіп иелеріне де демеу көрсету.

Бұл салада еңбек ететін әйелдер көп. Олардың арасында дизайнерлер, тігіншілер, қолөнер шеберлері, өз кәсібін ашып, өндірісті жолға қойған жандар бар. Сол себепті сән индустриясын қолдауды әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жұмысымыздың бір бөлігі деп білеміз.

Бүгінде қауымдастығымыздың еліміздің 17 өңірінде филиалы бар. Құрамымыздағы үш мыңнан астам әйел түрлі салада кәсіп жүргізіп, жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Осындай кәсіби ортаның тәжірибесі мен өзара қолдауы шығармашылық бастамалардың дамуына ықпал етеді.

Біздің мақсатымыз — отандық өнім өндіруді қолдаумен қатар, оның сыртқы нарыққа шығуына жол ашу. Қазақстандық дизайнерлердің туындылары арқылы мамандарымыздың кәсіби деңгейін, ұлттық өнеріміздің әсемдігін және еліміздің шығармашылық әлеуетін таныта аламыз.

Осы бағытта Алматыда сала өкілдерінің басын қосқан форум ұйымдастырып, шығармашылық кәсіпті дамыту мәселелерін талқыладық. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, жаңа байланыс орнатуға және отандық брендтерді танытуға мүмкіндік береді. Атырауда алғаш рет өтіп жатқан сән апталығын да осы тұрғыдан маңызды бастама деп бағалаймын, — деді ол.

Ал жобаның өңірлік директоры Айсұлу Сұлтанқызы алғашқы маусымды өткізуге қолдау көрсеткен азаматтардың еңбегін атап, сән апталығының жергілікті шығармашылық ортаға серпін беретініне сенім білдірді.

whatsapp image 2026 11 05 at 15.42.143

— Kazakhstan Fashion Week жобасын Атырауда өткізу — мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мақсатымыз — Атыраудың талантты, шығармашыл адамдарын, бай тарихы мен мәдениетін кеңінен таныту. Өңіріміз табиғи байлығымен қатар, өнерімен, сәнімен де танылса дейміз.

Бұл — бәрімізге ортақ бастама. Жобаға қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге, Іскер әйелдер қауымдастығына, университет ұжымына, әр қаладан келген дизайнерлер мен әріптестерімізге ризашылығымды білдіремін. Бірлесе атқарған еңбегіміздің нәтижелі болғанын қалаймыз.

whatsapp image 2026 11 05 at 15.42.144

Алғашқы сән апталығы жалғасын тауып, жергілікті таланттардың танылуына, жастардың шығармашылық ізденісіне жол ашсын. Еңбегіміз ақталып, жоба ғұмырлы болсын! — деді А. Сұлтанқызы.

Атыраудағы алғашқы сән апталығынан күтер үміт көп. Дизайнерлер үшін бұл — туындыларын таныстырып, кәсіби байланыс орнататын алаң. Ал жастарға тәжірибелі мамандардың ізденісін көріп, шығармашылық мүмкіндігін бағамдауға жол ашады. Ендігі маңызды қадам — осы кездесуде айтылған ұсыныстарды нақты жобаларға ұластырып, өңір таланттарына тұрақты қолдау көрсету.

whatsapp image 2026 11 05 at 15.42.146

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген Айдос КАРИМОВ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT