8–10 сәуір аралығында Атырауда мұнай-газ, мұнай-химия және құрылыс салаларының өкілдерін біріктірген екі ірі салалық көрме — Atyrau Oil & Gas 2026 және Atyrau Build 2026 өтті. Іс-шаралар озық технологияларды таныстыру, тәжірибе алмасу және іскерлік диалогты дамыту алаңына айналды.
Биыл көрмелерге Қазақстан, Германия, Қытай, АҚШ және басқа да елдерді қоса алғанда, 9 мемлекеттен 85 компания қатысты. Экспоненттердің шамамен 40%-ы өз шешімдерін алғаш рет ұсынды, бұл өңірге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар ірі габаритті техника мен жабдықтар қойылған ашық алаңдағы экспозиция ұйымдастырылды.
Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров көрменің саланы дамыту мен іскерлік байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Atyrau Oil & Gas көрмесі — мұнай-газ саласының дамуына және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маңызды халықаралық алаң. Ол инвестиция тартуға, заманауи технологияларды енгізуге және Атырау облысында өндірісті жергіліктендіруге жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді ол.
Көрмеге қатысушылардың қатарында Бакуден келген Caspian Marine Services компаниясы да болды. Компанияның жобалар және коммерция жөніндегі аға маманы Фарид Рзаев бұл көрмеге төртінші рет қатысып отырғанын айтты.
«Ұйымдастыру деңгейі жоғары, павильон ыңғайлы, нәтижелі келіссөздер көп өтуде. Біз қызығушылықтың жоғары екенін және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін көріп отырмыз», — деді ол.
Іскерлік бағдарлама аясында 8 сәуірде Каспий өңірін индустриялық хаб ретінде дамыту және саланы цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған пленарлық сессия өтті.
Көрмелер барысында өндірісті жергіліктендіру және қазақстандық қамтуды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері отандық жеткізушілермен ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастырып жатқанын атап өтті. 2025 жылы ТШО-ның қазақстандық өндірушілерден сатып алу көлемі шамамен 1,8 млрд АҚШ долларын құрап, қазақстандық қамту деңгейі 71%-ға жетті. Компания құрылғаннан бері отандық жеткізушілерден жасалған жалпы сатып алу көлемі 52,3 млрд АҚШ долларынан асты.
ТШО операциялар жөніндегі менеджері Стив Коннер жергілікті компаниялармен ашық өзара іс-қимылдың және елдегі өндірістік базаны дамытудың маңызын атап өтті.
Дәстүр бойынша көрмелер жаңа серіктестіктер орнатуға және стратегиялық келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, Қазақстанның және жалпы Каспий өңірінің мұнай-газ және құрылыс салаларын дамытуға ықпал етті.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және жетекші салалық қауымдастықтардың қолдауымен өтті. Бас серіктес — «Теңізшевройл», алтын серіктес — Каспий құбыр консорциумы.


