Атырау облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың жаңа эпидемиологиялық маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусым 2026 жылғы 1 қазаннан 2027 жылғы 1 мамырға дейін жалғасады.
Тұмауға қарсы вакцинация медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлері мен қарттар үйлерінде тұратын адамдарға, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша тәуекел топтарына жататын тұрғындарға тегін жүргізіледі.
Тұрғындарға тұмауға қарсы вакцинациядан өту ұсынылады. Вакцинация маусымдық тұмаудың алдын алудың және аурудың асқыну қаупін төмендетудің негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады.
Өткен эпидемиологиялық маусымда облыста ЖРВИ-дің 79 зертханалық расталған жағдайы тіркелді.
Сонымен қатар, нәрестелер арасындағы аурушаңдықтың артуы мамандардың ерекше назарында. 1–20 қыркүйек аралығында инфекциялық стационарларға бір жасқа дейінгі 95 бала жатқызылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 84 баланы құраған.
Жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жағдай өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір деңгейде сақталуда. Эпидемиологиялық ахуал Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында.
Мамандар тұрғындарға маусымдық инфекциялардың алдын алу мақсатында сақтық шараларын сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмелерді тұрақты желдету, адам көп жиналатын орындарда сақтық таныту, ауру адамдармен байланыстан аулақ болу, сондай-ақ ауру белгілері байқалған жағдайда балаларды мектепке немесе балабақшаға жібермеу маңызды.



