Құрметті Атырау облысының тұрғындары, қадірлі жерлестер!
Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Атырау облысы әкімі лауазымындағы қызметіме кірістім.
Президентіміздің стратегиялық маңызды аймақты басқаруға сенім білдіргеніне зор алғыс айта отырып, өзіме жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерімді салуға уәде беремін.
Атырау — менің кіндік қаным тамған, әке-шешемнің маңдай тері сіңген туған өлкем. Оның бүгіні мен болашағына өңір басшысы ретінде ғана емес, туған топырағына шын жаны ашитын перзент ретінде де алаңдаймын.
Атырау облысының өндірістік және экономикалық әлеуеті өте жоғары. Біздің алдымызда экономиканы әртараптандыру, халықтың өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту, экологияға қатысты мәселелерді шешу және осы өңірдің әрбір тұрғынына жаңа мүмкіндіктер ұсынуды көздейтін маңызды міндеттер тұр.
Мұның барлығы да қолдан келетін іс, тек ол үшін бәріміз осы мақсат жолында ауызбірлікпен еңбек етуіміз керек. Мен өздеріңізбен ашық диалог орнатып, жұмыстың арнасын тұрғындардың мұң-мұқтажына қарай бағыттап отырсам деймін.
Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ашықтық, жауапкершілік және тиімділік қағидаларына негізделеді. Ауыл-аймақты дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орнындарын ашуға, білім мен медицинаның сапасын арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Сіздерді өлкемізді өркендету жолында бірге қызмет етуге шақырамын. Бірліктің арқасында Атырау облысын дамудың жаңа деңгейіне көтерерімізге сенімдімін.
Баршаңызға мықты денсаулық, береке мен табыс тілеймін! Зор құрметпен Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов



